Балқаймақ, балық. Маңғыстау көрмесінен тағы не сатып алуға болады
Көрмеге Ақтау қаласынан, Бейнеу, Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия аудандарынан келген отандық өнімдері қойылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдени іс-шара Достық үйінде өтіп жатыр. Мұнда облыстан 21-ге жуық кәсіпкер келді, оның ішінде ұлттық нақыштағы киім, көлөнер және тоқыма бұйымдары өндіретін 11 кәсіпкер қатысып жатыр.
Жиынның салтанатты ашылуында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрасыл Әбділов құттықтау сөзін сөйлеп, ақ батасын берді.
Қасиетті Құран кәрімде жазылғандай, бізді Алла Тағала ру мен ұлыстарға бөлген. Сондықтанда біз қазақ болып жаратылғаннан кейін, қазақ болып дүниеден өтуіміз керек. Көріп отырғандарыңыздай, көп жерде ұмыт болған салт-дәстүрімізді көрінісін ұсынып отырмыз. Еліміздің бірлігі мен болашағы үшін біз ата-бабамыздан келген салт дәстүрімізді жалғастыратын болсақ, біз дара жолдан айырылмайтынымыз хақ. Астанадағы Маңғыстаудың мәдени күндері құтты болып, басымыз аман, еліміз тыныш болсын!-деді ол.
Жиында Маңғыстау облысының тумасы, әнші, Құрмет орденінің иегері Тамара Асар арнайы қатысып, өтіп жатқан іс-шара туралы тілек білдірді.
Маңғыстау жұрты Сарыарқа төріне келіп жатыр, ұзағынан сүйіндірсін. Мені арнайы жиынға шақыртып, төркіндетіп келгендеріне ерекше күй кешіп тұрмын. Маңғыстау-киелі жер, бүкіл қазақтың ұртын майлы қылып, несібелі қылып отырған мұнайлы өлке. Арнайы оқытудың қажеті жоқ, Маңғыстауға барсаңыз, барлық салт-дәстүрдің мектебінен, әр сатысынан өтіп шығасыз. Міне, бүгін көріп отырғандарыңыз-соған дәләл,-деп ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар мәдени іс-шарада Маңғыстау облысы туризм саласының "Марс пейзаждары" көрмесі ұсынылған.
Айта кетейік, осыған дейін Маңғыстау облысының Астана қаласындағы мәдени күндерінің бағдарламасы жарияланған болатын.