Балқаштағы мектептердің бірінде жылыжай пайда болды
Балқаш қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің ауласында жылыжай орнатылып, тамшылатып суарылатын тәжірибелік алаң ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Енді оқушылар өз аумақтарын көгалдандырумен өз бетінше айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргізе алады.
"Мектептің жасыл аумағы" жобасы аясында өсімдіктерді өсіру бойынша демонстрациялық-зерттеу алаңы және өсіру қораптары орнатылған арнайы мектеп зертханасы ашылды.
Сондай-ақ жоба аясында бұталар мен ағаштардың 100 көшеті отырғызылып, суаруға арналған контейнерлер орнатылды. Жылыжай мен зертханадағы сабақтар "Жаратылыстану" және "Биология" пәндері бойынша өтеді. Балалар Қарағанды өңірінің жағдайына бейімделген өсімдіктерді өсіру технологияларын таңдау бойынша зерттеулер жүргізетін болады.
Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ ботаника кафедрасының оқытушысы Денис Сирман оқушыларға семинар өткізді. Ол өсімдік шаруашылығындағы жалпы принциптер мен заманауи технологиялар туралы айтып, зертханада, жылыжайда және тәжірибе алаңында жұмыс істеу бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар берді.
Семинарда біз тұқымдарды қалай дұрыс отырғызу және өсімдік қалдықтарын компостау керектігін білдік. Сондай-ақ өзіміздің алғашқы өсімдіктерімізді отырғыздық, оларға біз одан әрі күтім жасаймыз, – деді 8-сынып оқушысы Амелия Ысқақова.
"Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы" ҚБ өндіріс жөніндегі директоры Екатерина Оборинаның айтуынша, жобаның басты міндеті – балаларды табиғатқа және экологиялық өмір салтына ұқыпты қарауға баулу.
Қарағанды облысы үшін, атап айтқанда Балқаш қаласы үшін экология мәселелері бірінші кезекте тұр. Қазірдің өзінде бар және болашақта оқушылардың өздері мектеп аумағына отырғызатын ағаштар көлеңке береді, шуды азайтады және ауа сапасын жақсартады, – деді Екатерина Оборина.