Балқашта тауға саңырауқұлақ теруге шыққан әйел құтқарылды
Әйел адам адасып, кері жол таба алмай қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратынша, 2023 жылғы 15 сәуірде сағат 20.30-да Алматы облысы ТЖД кезекші бөлімінің пультіне Балқаш ауданы Тасмұрын асуы маңындағы Малайсары ауылының маңында таулы жерде 1962 жылы туған әйел жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түседі. Ол күндіз туыстарымен бірге саңырауқұлақ теруге келген (1 ер адам, 2 әйел, 2 ит). Сағат 20.00-де әйел кездесетін жерге оралмайды. Іздестіру жұмыстарына дереу құтқарушылар жіберілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖ департаментінен 10 қызметкер мен 2 бірлік техника, Республикалық-жедел-құтқару жасағынан 12 құтқарушы, 2 бірлік техника және 1 кинологиялық есеп, Полиция департаментінен 8 қызметкер мен 3 бірлік техника жұмылдырылды. Әйел адамның адасып, кері жол таба алмағаны кейін белгілі болды, - делінген министрлік таратқан хабарламада.
2023 жылғы 16 сәуірде сағат 06.50-де іздестіру тобы жоғалған адамды тапты. Оған медициналық көмек қажет емес еді. Әйел адам құтқарушыларға уақытылы көрсеткен көмегі үшін зор алғысын білдірді.