Балқашта Бірыңғай байланыс орталығы ашылды

Балқашта көшедегі тәртіп мұқият бақыланатын болады. Қалада қаңтар айынан бастап 24/7 режимінде жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істей бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Оның басты мақсаты – тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ қала әкімдігіне тұрғындардан келетін барлық хабарламаны өңдеу. 

Бұл жаңалық – полиция мен әкімдіктің бірлескен жұмысы. Байланыс орталығы қалалық полиция басқармасының ғимаратына орналастырылды. Балқашқа жұмыс сапары кезінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен өңірдің полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманғали Исмағұлов оның жұмысымен танысты. Орталыққа қаланың барлық камерасы шығарылды, 10 маман жұмыс істейді, олар әкімдіктің ресми аккаунттарына тұрғындардың өтініштері бойынша тәулік бойы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. 

Бұл әлеуметтік мәселелер және ТҮКШ мәселелері болуы мүмкін. Мысалы, рұқсат етілмеген қоқыс полигондары, ашық құдықтар, қаңғыбас иттер және т,б. Сондай-ақ бейнебақылау камераларының тәулік бойы мониторингі жүргізіліп жатыр. Нақты уақыт режимінде жол қозғалысы ережелерін бұзу және басқа да заңсыз әрекеттер бақыланады. 

Мысалы, біз рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері бойынша 24 ереже бұзушыны анықтадық, ал түрлі құқық бұзушылықтар бойынша жалпы 5 млн теңгеге айыппұл салынды, – деді орталықтың жұмысына жауапты қала әкімінің кеңесшісі Анар Адамбекова. 

Барлық хабарлама өңделеді, содан кейін құзыретті органдар мен қызметтерге жіберіледі. Нақты уақыт режимінде, егер қандай да бір құқық бұзушылықтар байқалса, онда полицияның кезекші тобы бірден шығады, егер коммуналдық мәселелер туындаса, оны әкімдік пысықтайды. Ермағанбет Бөлекпаев сонымен қатар жағалауды, Торанғалық, Шұбар-түбектегі демалыс аймақтарын, қалаға кіреберіс пен шығар жолды бейнебақылауға алуды ұсынды. 

Туристік маусымда қалада туристер мен қонақтардың ағыны көбейген кезде заңдылық мәселелері бірінші орында тұруы керек. Сондай-ақ облыс әкімі демалыс аймақтарының иелерімен мәселені пысықтауды тапсырды, олар да өз камераларын бірыңғай орталыққа шығара алады.

Жақсы бастама. Бұл тәжірибені моноқалаларымызда кеңейтетін боламыз, – деді облыс әкімі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы