Балқаш қаласында биыл 3,5 мың ағаш отырғызылады
Оның басым бөлігін табиғат жанашырлары көктемде еккен, қазір көгалдандыру жобасының екінші кезеңі жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Суық түскенше 1500 түп отырғызып үлгеру керек. Қарағай мен қарағаш, бөртегүл мен алма ағаштары тамыр жайып, жерсінуі қажет. Құрышты қалада тәлімбақ жоқ, сондықтан көшеттердің барлығын сырттан жеткізуге тура келген. Алпауыт өндірісі бар өңірде қазір экологиялық ахуалдың өткір тұрғаны жасырын емес. Жайқалған жасыл желек келешекте қоршаған ортаны жақсартуға сеп болады, - дейді экологтар.
Бұл күні көгалдандыру жобасына тұрғындармен қатар металлургтер де бір кісідей қатысты.
Балқашта экология мәселесі өткір тұрғанын білеміз. Оны жақсарту үшін қазір біз кешенді бағдарлама қабылдадық. Ағаш егу – соның бір бөлігі. Зауыттағы күкіртқышқылы өндірісін дамыту да жоспарымызда. Бұл жұмыс енді 3-4 жылда жүзеге асуы тиіс. Сол кезде қоршаған ортаны жақсарту мәселесін шешеміз деп ойлаймын, – дейді компанияның операциялық директоры Марат Әубәкіров.