Балқаш қаласы әлі ауыз сусыз отыр
Балқаш қаласының магистралды су жүйесіндегі апаттың салдарын жою жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Балқаш халқы төртінші күн сусыз отыр, деп хабарлайды Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Балқаш қаласы, Балқаш станциясы мен Қоңырат шағын ауданының халқы төртінші күн қатарынан тіршілік көзі бір тамшы суға зар болып отыр. 4 сәуір күні қаланың су жүйесінде орын алған күрделі апаттан кейін тұрғындарға су әлі берілмеген.
Еске салайық, кеше қала әкімдігі апат салдары жойылғандығын, қалаға біртін-біртін су беріле бастайтындығын айтқан болатын. Алайда, одан бері бір тәуліктен артық уақыт өтсе де, балқаштықтарға ауыз су жетпеген.
Кеше 20:00 сағатта қалалық резервуарды таза сумен толтыру жұмыстары басталған болатын. Магистралды су жүйесіне гидравликалық соққыны болдырмау мақсатында су біртіндеп беріле бастады. Алайда, судың көлемін кезекті ұлғайту кезінде басты насос станциясында диаметрі 500 мм құбырда қақпа клапанында кептелу орын алды, - дейді Балқаш қаласының әкімі Қайрат Камзин.
Қала әкімі Қ.Қамзин халыққа үндеуінде құбырды жөндеу жұмыстарымен қатар, қалалық су жүйесін ауыз сумен толтыру жұмыстары қатар жүріп жатқандығын айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта қала бойынша 4 су тасығыш көлік халыққа су жеткізіп жатыр. Алайда, 80 мың тұрғыны бар қалаға төрт су тасығыш көлік аздық етуде. Ауыз суға кезек күткен балқаштықтар өз наразылықтарын білдіруде.
Водовоздың суы халыққа жетпей жатыр. Қаншама уақыт кезек күтіп тұрғанда тек 5 литр ғана су аламыз. Жетпейді. Дүкендерде де су бітті. Жалпы ауыз су мәселесі Балқашта жыл сайын болатын проблема. Жазда 1-2 күн сусыз отыратын күндеріміз көп, - дейді қала тұрғыны Марфуға Есенжолова.
Қала әкімдігі болса, ауыз суды халыққа мүмкіндігінше тезірек беруге тырысып жатқандығын айтады.
Қарағанды облысының әкімі Е.Бөлекбаев «Балқаш Су» басшылығын сынға алып, қызметтік тексеріс жүргізілетіндігін айтты.
«Балқаш Су» басшысының атқаратын лауазымына сәйкестігін қарастыруды тапсырамын. Осы уақытқа дейін құбыр клапаны су астында болып келген. Ол неге тексерілмеген? Апаттың себептерін анықтау қажет. Жобаны қараңыздар, қателер болса түзету қажет,- деді өңір басшысы Балқаш қаласына жұмыс сапары барысында.