Балқаш көліне заманауи инфрақұрылым қажет
Балқаш көліне барар жол жақсармай өңірлік туризмнің тынысы тарыла бермек. Инвесторлар да соны күтіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Инвестиция құям деушілерге есік ашық
Жетісуда туризмнің бір тұтқасы – Алакөл көлі болса, бір тұтқасы – Балқаш көлі екені белгілі. Алакөлге барар жолға осыдан бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, былтыр толықтай ашылған еді. Ал Балқашқа барар жол әлі бітер емес. Бітер емес деуіміздің өз себебі бар, бергі жағалауына ешқандай инфрақұрылым жүргізілмеген, яки туристерге ешқандай жағдай жасалмаған. Алыс-жақыннан келген қонақтар жағасының ластанғанын айтып шағым жасап кетіп жатыр. Экобелсенділердің өзара бәйек болып жүргені болмаса, коммерциялық бағытта ешқандай жоба қолға алынбаған.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Балқаш көліне апаратын автокөлік жолына жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жыл аяғына қарай төменгі асфальт жабынымен іске қосылады. Ал ағымдағы құрылыс жұмыстары толығымен келесі жылы тамамдалмақ. Аталған жол құрылысына жауапты «Жол» ЖШС мердігер компаниясы.
Бүгінде «Алматы-Өскемен» автожолының «Лепсі-Ақтоғай» бағытындағы 0-110 шақырымының, яки Балқашқа апаратын жолдың 35 шақырымы толық жасалды. Қазір пайдалануға берілген. Оған қоса 35-63 шақырымына асфальт бетон жабынының екінші қабаты төселді. Осы жылы қалған жолға асфальт бетон жабынының екінші қабаты жабылады. Осылайша көлік қозғалысына толық мүмкіндік берілмек. 2025 жылы жолдың соңғы беткі қабаты мен абаттандыру жұмыстары мәресіне жетеді. Қазір мамандар барынша ұқыпты жұмыс істеп жатыр. Республикалық маңызы бар автокөлік жолы болған соң әрбір шаршы метрін қадағалап отырмыз, - дейді компания өкілі Азат Тансықбаев.
Осы ретте айта кетейік, жол бойында аялдамалар мен арнайы дәретханалар болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Жобаға бөлінген қаржы көлемі 30 млрдтан асады. Қазір соманың дені игерілген екен.
Естеріңізде болса, былтыр Лепсіден Балқаш жағалауына апаратын 27 шақырым жолдың құрылысы аяқталған болатын. Оған бөлінген қаржы көлемі 4,6 млрд теңгені құрайды. Жобаға жауапты «Казстройцентр» ЖШС мердігер компаниясы. Олар өздеріне берілген аумақты толық аяқтап, ел игіліне өткізген. Қазір ауыл тұрғындары емін-еркін қатынап жүр.
Жақында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына арнайы сапарған барған еді. Сонда Балқаш көлінің 16 шақырымдық курорттық-рекреациялық аймағын дамытудың егжей-тегжейлі жоспары таныстырылған. Бұл іске жауапты жобалау мекемесінің мамандары жағалау заманға сай түрленеді деп сендірді. Мәселен, шағын демалыс орындарына 1-3 гектардан жер берілмек, ал ірі инвесторлар үшін 5 гектарға дейін жер үлестіріледі. Бұл инвесторлар үшін де, туристер үшін де жақсы шешім болмақ дейді мамандар.
Облыс әкімдігі Балқаш көлін дамытуға инвестиция құям деген кәсіпкерлер болса, не жергілікті азаматттар болса қолдауға дайын. Ивесторсыз іс бітпейтіні белгілі.
Болашақта 452 мың турист қабылдай алады
Жоспар бойынша болашақта демалыс аймағына түрлі қызмет көрсету орталықтары орналасады. Атап айтсақ, емдік аймақ, коммуналдық пляж, оқушыларға арналған демалыс лагері, тіпті демалыс аймақтары мен базалары ашылады. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, бүгінде көлге бір маусым шеңберінде 52 мың адам демалып қайтады екен. Ал жоспарға сай заманауи техникалар қойылып, инженерлік желілер толықтай жүргізілсе, демалушылар санын 10 есеге дейін көбейтуге болады. Жоба авторлары бір маусымда 452 мың адамға жетеді деп болжап отыр. Ал маңайдағы ауыл тұрғындары үшін мыңнан астам жұмыс орны ашылып, сырттан да мамандар келіп жұмыс істеуге мүмкіндік тумақ. Соған сай жағалауда инженерлік желілерінің құрылысы қолға алынған.
Балқаш көлінің туризм саласындағы рөлі жоғары, әрі өңір үшін экономикалық бағытта табыс көзіне айналмақ. Мұнда су жүйесі Лепсі өзенінен тартылады. Су тазарту құрылғысының қуаты тәулігіне 500 текше метрді құрайды. Одан бөлек кәріз жүйесінің қуаты тәулігіне 470 текше метр болады. Бізге электр желісінен кедергі болмайды деп отрымыз. Тоқ Лепсідегі қосалқы станциядан тартылатын болады. Қазір жоспарға сай құрылысқа дайындық жұмыстары пысықталуда. Алакөлден кем түспейтіндей, ел қызыға келетіндей етіп жағалауды жасақтамақпыз. Алдағы уақытта туристердің дәстүрлі түрде демалатын орнына айналатынан сенім мол, - дейді «Сапа құрылыс 2007» ЖШС-ның директоры Азамат Демегенов.
Мемлекет басшысы Жетісуға сапарына туризм саласын ілгерлету қажет екенін айтқан еді. Содан бері түрлі шаралар қолға аланып жатқанымен, Балқаш көліне көңіл бөлінбей келеді. Жыл сайын жоспарға енгеніме турситерді күтіп алуға жағалаудың жайы келмейді. Әрине туристік саланы дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымдық жобалардың рөлі жоғары. Мәселен, жол, су, кәріз және электр жарығын жүргізбей іс өңбейді.
Молалының бұрылысынан Балқашқа дейінгі жолдың жөнделіп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Жобаның толық жүзеге асыру үшін қаржылық қиындықтар кедергі келтіріп тұрған. Былтыр біз қаржыландыру мәселесін шештік. Биыл төменгі асфальт қабатымен пайдалануға береміз. 2025 жылы жолдың беткі қабатын толық жауып бітіреді. Лепсіден Балқашқа дейін инженерлік желілердің құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,4 млрд қаржы қарастырылған. Бүгінде жер қазу жұмыстары атқарылып жатыр.Одан кейін 9 шақырымдық оң жағалауға су, кәріз, электр жүйелерін тартуды қолға аламыз. Инженерлік желілерді салуға 1,5 жыл уақыт беріліп отыр. Яки, бәрі ойдағыдай болса алдағы уақытта құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс, - дейді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Оның айтуынша, желілердің қызмет көрсету қуаты 8-10 жылға дейін жетеді. Бұл өз кезегінде инвестор тартуға да мүмкіндік бермек. Ел азаматтары да еркін демала алады.
Жалпы инженерлік-коммуникациялық желілер тартылған соң Үкіметтің қаулысымен бекітілген Балқаштың 16 шақырымдық курорттық-рекреациялық аймағын игеріле бастайды. Инвестиция құйыла бастаса жағалауға зәулім қонақ үйлер мен түрлі демалыс орындары және кемпингтер мен туристік базалар салынады.
Кәсіпкер үшін Алакөл көлінен қарағанда Балқаш көлі тиімді. Себебі, шипалы көлдің табаны тас болса, Балқаштың асты шағыл құм, бұл демалушылар үшін қолайлы. Әрі өте саяз, жағасы енді келген. Оның үстіне суға түсу уақыты күздің басына дейін жалғасады. Ғимараттар салғанға да жер көлемі еркін жетеді. Қазір жол жүру оғай, бәрі жөнделген. Енді инфрақұрылымын реттеп берсе, инвесторлар өзі тартылады. Маңайында ауылдар көп. Жұмысшы да табылады. Кәсіп бастаймын деген азаматтарға нағыз бизнес орны болмақ. Суға шомылуға келетін халықтың қарасы көп. Инвестиция құйған кәсіпкер шығының ақтап алады деп ойлаймын, - дейді экономист Артур Аюпов.
Иә, Балқаш жағалауын дамыту жақын жатқан елді мекендердің тұрғындарын жұмыспен қамтуда маңызға ие. Мұны да ескерген жөн. Халық демалып қана қоймай, кәсіп иесінің шаруасын ілгерлетеді. Қалай десек те бұл жобаның мультипликативті тиімділігі ерекше. Өңірдің ғана емес, отандық туризмнің бір бөлігіне айнала алады.