Кеше 2026, 20:57 Фото: Маңғыстау облысының Полиция департаменті

"Балкон мен терезе орнатамын": Қарағандылық 20 млн теңгеге клиенттерді алдап, қашып кеткен

Күдікті Маңғыстауда ұсталды.

Қарағанды тұрғыны пластикалық балкон мен терезе орнату қызметін пайдаланып, клиенттерден 20 млн теңге алған соң ізін жасырған. Маңғыстау облысында ұсталып, 32 алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстау облысында 26 жастағы Қарағанды тұрғыны, клиенттерді 20 млн теңгеге алдап, ізін жасырғаны үшін ұсталды, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция мәліметіне сәйкес, Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданының полиция бөліміне пластикалық балкондар мен терезелерді орнату қызметтерін ұсынған алаяқтан зардап шеккен азаматтардан арыз түскен.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті тапсырыс қабылдап, алдын ала төлем алған соң байланысқа шықпай, ізін жасырған. Тапсырыс орындалмай, клиенттер құқық қорғау органдарына жүгінген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің мекенжайын анықтады. Ол Маңғыстау облысында пәтер жалдап тұрған жерінен ұсталды, – деп хабарлады полиция.

Тергеу-жедел тобы алаяқтық әрекеттердің 32 фактісін біріктіріп, бір қылмыстық іске қосқан. Жалпы шығын көлемі 20 млн теңгені құрады. Күдіктінің қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы полицейлері 1414 нөмірінен келгендей көрінетін SMS-хабарламаларды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық оқиғаларының көбейгенін айтуда.