Балқашта орталық саябақ жөнделеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков қаладағы саябақты абаттандыру жөнінде кеңес өткізді. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады, деп хабарлады karaganda-region.gov.kz.
Жыл соңына дейін қоршаулар орнатылып, жарықтандыру жүргізіледі. Сонымен қатар суару жүйесі мен жер асты коммуникацияларын қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. 2020 жылы саябақты қалпына келтіру жалғасады.
"Жоба аясында саяжолдар, велосипед жолдарын жайғастыру, субұрқақтарды салу, балалардың ойын аттракциондарын орнату қарастырылған. Сондай-ақ саябақта жаңа ағаштар отырғызылады. Кеңеске қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық бақылау комиссиясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Бас қосу барысында саябақ аумағында берілген жер телімдерін пайдалану мәселелері көтерілді. Қала тарихына арналған аймақтарды рәсімдеу ұсынылды. Мердігерге құрылыс қоқыстарын уақытында жинау қажет екені туралы айтылды", - делінген таратылған ақпаратта.
Кеңеске қатысушылар қала үшін маңызды жобаның іске асырылуын және жұмыс сапасын бақылау жөніндегі қоғамдық комиссия құру туралы шешім қабылдады.