«Балқаш-Бурылбайтал»: Күрмеуі көп күре жол

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Оңтүстік-Орталық» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл елорда мен оңтүстік астананы жалғайтын күре жол болғандықтан, күретамыр болып есептеледі. 

Осыған дейін елордадан Балқашқа дейінгі бағытта қандай жұмыс атқарылғанын жазып едік.


Енді Балқаштан Бурылбайталға дейінгі жолдың құрылысы туралы баяндамақпыз. 


«Балқаш-Бурылбайтал» бағыты 288 шақырым жолды құрайды. Бұл учаске бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған. 


 «Балқаш-Бурылбайтал» жобасының жетекшісі Серік Имашевтің айтуынша, қазір құрылыстың бір бағыты бойынша 120 шақырым жол жөнделіп біткен.

Биыл алғашқы екі учаскеде қозғалысты бастауды жоспарлап отырмыз. 3-4 учаске бойынша келісімшарт енді жасалды. Биыл жұмыстың басым бөлігін атқаруға тырысамыз. Осы жылы бағыттың 50 пайызын ашамыз. Қалғаны келер жылға қалады. Осындай 6 учаскеде 1300 маман мен 734 техника жұмыс істеп жатыр. Мамандар саны әлі де көбейеді. Себебі келісім енді орнатылды, - деді Имашев. 

Оның айтуынша, алғашқы учаскедегі жұмысты қытайлық мердігер компания жүзеге асырып жатыр. 

Осы учаскеде 333 қызметкер жұмыс істейді. Оның 40-ы - шетелдік мамандар. Жұмысты негізінен жергілікті халықтан шыққан қызметкерлер істеп жатыр. Әр учаскеде тәулігіне 4 мың тонна асфальт төселеді. Бұл тәулігіне 1,5 шақырым жол деген сөз. Сондай-ақ жоба аясында жылы дәретханалар салу жоспарланған. Оған қоса су мен электр желілерін де тарту кіреді. Себебі жолдың маңайындағы барлық инфрақұрылым жол құрылысына тікелей тәуелді, - деді ол. 

Серік Имашев атағандай, жолдың айналасында ірі қара мен ұсақ малдың өтуіне арналған арнайы өтпе жолдар салынады. 

Осы бағыттағы жолды қаржыландырудың 85 пайызы Дүниежүзілік банкке, 15 пайызы Қазақстанға тиесілі. Жобаның құны құбырлар мен желілерге қатысты өзгереді. Жолдарды қамту 2 жыл бойы мердігер компанияның жауапкершілігінде болады. Бұл жолдың қызмет ету мерзімі 20 жылды құрайды. Қазақстанда жолдар отандық стандарт бойынша төселеді. Алайда жобаны жүзеге асыру мен жаңашылдықтар халықаралық стандарттарға сай келеді. Қазақстанда құрылыс мерзімі өте қысқа. Қысқы мерзімде жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес, - деді ол. 

«Балқаш-Бурылбайтал» бағытындағы 1-учаскесінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания – «Sinohydro Corporation Limited». 


 Жоба жетекшісі Чжен Ванлудың айтуынша, жолдың жалпы ұзындығы 41 шақырымды құрайды. 

Біз екі бағытты жүзеге асырып жатырмыз. Қазір біз 47 шақырымға асфальт төседік. 39 шақырым жол пайдалануға берілді. Осы бағыттағы 6 жобаның барлығы бір мезетте жұмысты бастады. Алайда біз ең жылдам жұмыс істеп, көп шақырым жолды пайдалануға бердік, - деді Чжен Ванлу. 

Ол атағандай, жол құрылысында олар алдыңғы қатарлы жаңашылдықты қолданады. 

Барлық техникада GPS жүйесі орнатылған. Ол қай техника қандай жұмыс атқарып жатқанын көрсетіп, жұмысты тиімді ете түседі. Ауа райының қолайсыздығына желдің үнемі соғуын айтуға болады. Оған қоса қазан айында біз құрылысты тоқтатамыз. Қазір пандемия кесірінен құрылыс материалдары мен техниканы жалға алу қымбаттады. Биыл материалға деген тапшылық туды. Мысалы, битум бағасы аспандап кетті, - деді ол. 

Жоба жетікшісі пандемия кесірінен 2 жыл үйіне бара алмай жүргенін жеткізді. 


Жыл соңына дейін 41 шақырымды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жол пайдалануға берілсе, хаоықтың көңіл-күйі артады деп ойлаймын, - деді Ванлу. 


Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов атап өткендей, «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің екі бағыты толық аяқталған. 




«Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» бағыты аяқталды. Қалған учаскелердің барлығында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда жұмыстың 60 пайызы орындалды. Мердігер компаниялар екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Құрылыста 24 учаске, 19 құрылыс базасы, 22 асфальт-бетон зауыты бар. Тәулігіне 5-7 асфальт төселеді. Құрылысқа жергілікті материалдар пайдаланылады, - деді ол. 



Мәселен, «СП «СинеМидасСтрой» ЖШС құрылыс базасында карьерден алынған тастар ұнтақталып, асфальт-бетон қоспасы әзірленеді. 


Сондай-ақ қоспаның сапасын тексеретін арнайы лаборатория да жұмыс істеп тұр.


Құрылыс базасында 250-ге жуық маман жұмыс істейді. База «Гүлшат-Тасарал» учаскесінде орналасқан. 

«СинеМидасСтрой» ЖШС еңбек және техникалық қауіпсіздік бөлімінің инженері Серік Өмірәлі атағандай, жол саласында техника мен зауыттардың жұмысында қауіпсіздік техникасын сақтау басымдыққа алынады. 


Жұмысшылар қабылданғанда сабақ өткізіп, емтихан аламыз. Олардың барлығынан өткен соң барып маман жұмысқа қабылданады. Алдымен адам өзінің қауіпсіздігін сақтауы керек. Сол үшін әр маманға тиянақты түрде түсіндіруге тырысамыз. Әрбір маманның жұмысына сай қауіпсіздік техникасы әртүрлі болады, - деді Серік Өмірәлі. 


«Орталық-Оңтүстік» дәлізінің аяқталуы 2023 жылға жоспарланған. Яғни «Нұр-Сұлтан-Алматы» бағыты ақылы автобанға айналады. Жоба республикалық бюджет пен Дүниежүзілік банктің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Оған 500 млрд-тан астам теңге бөлінген.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы