Алматыда балет театры мен конгресс-орталық салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Алматыны дамытудың 50 жоба-драйверлері» бастамасы аясында 2020 жылы жеке инвестициялар есебінен балет театры мен заманауи конгресс-орталық салынады.

Балет театры Әл-Фараби даңғылы бойы мен Назарбаев даңғылының батысындағы ұзақ уақыт бос жатқан жерде бой көтереді.


Ғимарат архитектурасы фонтаны бар, айналасы көгалдандырылған әрі есте қаларлықтай ерекше сипатта жасалады. Оның көпқұрамды бөлшектері мен элементтері болады. Нысан фактурасы өте тартымды, оның жоғары жағы жарық көздері арқылы айрықша нұрланады.

Театр кеңістігін көпфункционалды және түрленетін тұрғыда жасау жоспарланған. Холл алаңында бизнес ивенттер мен салтанатты шаралар өткізуге болады. Ғимарат ішінде балалар үшін хореография мектебін ашу жоспарланған.

Алматының қала ретінде жедел дамып келе жатқан рөлін әрі мұнда жыл сайын 50-ден астам халықаралық ивенттің өтетінін ескере отырып, заманауи конгресс-орталық салу қолға алынбақ.


Айта кетерлігі, «Алматыны дамытудың 50 жоба-драйверлері» аясында осы жылы тағы бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым, қосалқы нысандар салынып, көшелер мен парктер абаттандырылады. Осы жобалар есебінен ғана қосымша 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, қала бюджетіне 8,8 млрд теңге салық түсті.

Жыл аяғына дейін Республика алаңын, Достық даңғылын, Байсейітова мен Жібек жолы көшелерін, Верный обсерваториясын, Алматы зоопаркін, Медеудегі Шынығу баспалдақтарын, Мыңжылдық фонтанын, қаланың барлық сегіз ауданындағы өтпелі аймақтарды реконструкциялау аяқталады.


Бұлардан өзге, отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның, №4 босану үйі мен Түрксіб ауданындағы психоневрологиялық интернат жанындағы қосалқы нысандардың, медициналық жедел жәрдем қосалқы станциясы мен Алатау ауданындағы патологоанатомиялық бюроның құрылыстары бітеді.

Жалпы, 6 жаңа бала бақша мен сейсмикалық күшейтілген 10 мектеп пайдалануға беріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы