«Balapan» телеарнасы шетелдік нарыққа шығуы мүмкін - вице-министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Balapan» телеарнасына көршілес елдер қызғушылық танытып отыр.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті.
Ол қазақ тілді контенттің даму үшін ұлттық сананы жаңғырту бағдарламалары бойынша, «балалар әлемі» деген жоба шеңберінде бірқатар і-шара жүріп жатқанын атап өтті.
Бұл жердегі мақсат қазақ тілін цифрлық контентке толтыру болып отыр. Өздеріңізге мәлім, YouTube және Tik-tok желілерінде балаларға арналған 12-ден аса бағдарламалар шығып жатыр. Сонымен бірге «ертегі сыр шертеді» деген жоба бар. Және құндылықтарын геймификациялау жобасы да бар. Қазіргі балалардың смартфонға жақын екенін білесіздер. Біз ол жерде де өз жұмыстарымызды жүргізіп жатырмыз, - деді Данияр Қадыров.
Оның айтуынша, елімізде ең сұранысы жоғары арна - Balapan.
Қазір шетелдік нарыққа шығайын деп жатырмыз. Жақын жердегі көршілес елдер оның ішінде Әзербайжан мен Түркия елі қызғушылық танытып отыр. Мүмкіндік болса біздің контент ол жаққа да барады. Біздің Nickelodeоn және TiJi арналарынің қазақша аударған себебіміз осы Балапан арнасымен бәсекені арттыру. Соның арқасында компаниялар өз ішінде ауқымды істер атқаратын болады, - деп атап өтті вице-министр.