Бүгiн 2026, 20:36 Фото: gov.kz

"Балаңызға гаджетсіз жаз сыйлаңыз": Қарқаралыда ерекше этнолагерь ашылды

Қарқаралыда 75 гектар аумақты қамтитын жаңа туристік аймақ салынып жатыр.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Бұғылы тауының баурайында жаңа рекреациялық аймақтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, демалушылар үшін жаңа тартымды орынға айналмақ.

Жалпы аумағы 75 гектарды құрайтын аумақта қонақүйлер, глэмпингтер, мейрамханалар, этноауыл, ойын-сауық саябағы және тау шаңғысы кешенін салу жоспарланған. Қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылым тартылып, жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар жасақталуда.

Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусиннің айтуынша, бүгінде аумақта су, кәріз және электрмен жабдықтау желілері жүргізіліп, абаттандыру жұмыстары қолға алынған.

Инфрақұрылым толық дайын болғаннан кейін жер телімдері туристік жобаларды іске асыру үшін инвесторларға ұсынылады. Қарқаралының жыл бойы туризмді дамытуға мүмкіндігі зор. Сондықтан кәсіпкерлерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз, – деді ол.

Мамандардың пікірінше, Қарағанды – Қарқаралы автожолын жаңғырту жұмыстары да өңірдегі туризмнің дамуына серпін берген. Нәтижесінде жол жүру уақыты екі сағатқа дейін қысқарып, туристер саны екі-үш есе артқан.

Қазір Қарқаралы өңірінде 40-қа жуық демалыс аймағы жұмыс істейді. Алдағы жылдары олардың саны артып, туристік инфрақұрылым одан әрі кеңейе түспек. Сонымен қатар курорттық қаланың келбетін жаңарту мақсатында көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Өңірде балалар туризмін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында Qarqaraly Go киіз үйлі этнолагері ашылмақ. Жоба аясында балалар табиғат аясындағы дәстүрлі киіз үйлерде тұрып, қазақ халқының мәдениетімен және салт-дәстүрімен танысады.

Жобаның құрылтайшыларының бірі Ерлан Төлеубековтің айтуынша, лагерьдің басты мақсаты – балаларға гаджеттен тыс пайдалы әрі мазмұнды демалыс ұйымдастыру. Бағдарламаға жаяу жорықтар, атпен серуендеу, спорттық және шығармашылық сабақтар енгізілген. Жаз мезгілінде сегіз ауысым өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңірде жол бойы сервисі де дамуда. Қарқаралы маңында 40 бөлмелі мотель салынып жатыр. Жаңа нысан жыл сайын 5 мыңға дейін турист қабылдай алады.

Айта кетейік, 6 маусым күні Қарқаралыда алғаш рет өңіраралық «BaiQymyz-2026» этно-гастрофестивалі өтеді. Фестиваль аясында үздік қымыз өндірушілер байқауы, ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сабақтары, қолөнершілер көрмесі, ұлттық ойындар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын шараға қатысушылар үшін Қарағандыдан арнайы тегін автобустар қатынайды.