"Балаңызды мектепке кіргізіп беремін": Ақтөбеде оқытушы ата-аналардан миллиондар жинаған
Оқытушы ата-аналардан ақша алып отырған.
Ақтөбеде ата-аналарды миллиондаған теңгеге алдаған оқытушыға үкім шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соттың анықтауынша, 2024-2025 жылдар аралығында сотталушы оқу орталығында оқытушы болып жұмыс істей жүріп, ата-аналарға балаларын пәндерді тереңдетіп оқытатын мектепке конкурстан тыс қабылдауға көмектесуді ұсынған. Өз «қызметі» үшін ол ақша алып отырған. Нәтижесінде екі адам зардап шегіп, жалпы шығын көлемі 3,2 млн теңгені құрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындады. Оның қылмысқа қатысы бар екені жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, банктік үзінді көшірмелермен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот сонымен қатар жеңілдетуші мән-жайларды - өкіну, жас балаларының болуы және шығынның толық өтелуін ескерді. Ауырлататын факторлар анықталған жоқ.
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, - деп хабарлады соттан.
Үкім заңды күшіне енді.