Балаңыз бір жынысты болмасын десеңіз... Ержан Мырзабаев кеңес берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Келешекте отбасы институты мүлдем өзгере ме? Және қалай? Қандай отбасы қалыптасуы мүмкін? Қазір оған не әсер етіп жатыр?
Отбасы институтының құндылықтары жаппай өзгеріп жатыр. Әлемдік жаһанданудың әсері әрбір отбасындағы құндылықтарды бір ізге түсірмей келеді. Мұндай жағдайда дәстүрлі отбасын қалай сақтап қаламыз? Отбасылық психолог Ержан Мырзабаевпен сұхбаттасқан едік.
Келешекте отбасы институты өзгеруі мүмкін бе?
- Мен отбасы институты өзгереді деп ойламаймын. Бұл үдеріс біз үшін атам заманнан жалғасып келе жатқан дүние. Отбасы институтына кіретін ерлі-зайыптылар, балалар және ата-әжесі мен олардың туысқандары бүгінге дейін бар. Демек, ешқандай өзгеріс жоқ. Отбасы институты бұдан мың жылдай бұрын қалыптасты. Қазіргі таңда біз әкені әке ал әжені әже де атап жүрміз. Яғни, отбасы құрамы өзгермеген. Жалпы, еліміздің әрбір өңірінде отбасы құндылығы берік сақталса, бұл институт бұзылмайды деп ойлаймын.
Бүгінде АҚШ және батыс Еуропа елдерін алып қарасақ, «біржынысты неке» заңдастырылған. Бұл өзгерістер біздің қоғамға әсері қандай? Бағана айтып отырған отбасы құндылығын бұзбай ма?
- Әрине, батыс елдерінің отбасы институтында өзгерістер байқалады. Мәселен, әке мен ана емес, екі әке немесе екі ана секілді көзқарастар бар. Меніңше, бұл адам табиғатына қарама-қайшы дүниелер. Біз мұндайға жол бермеуміз қажет. Дәстүрлі отбасы институтын сақтап отырған жөн. Жоғарыда мысал келтіргеніміздей, біржынысты отбасын құру талпынысы әрдайым болған. Тек ақпараттық кезеңде емес, одан бұрында. Менің ойымша, олар қоғамның аз пайызы болғандықтан көпшілікке әсер ететіндей құбылыс жасады деуге келмейді.
Дәстүрлі отбасын сақтап қалу үшін не істеу керек? Қандай да жолы бар ма?
- Отбасы институты бір болғанымен оның қарым-қатынастары мен құндылықтарында өзгеріс бар. Бұдан 200-300 жыл бұрын адамдарға үлкен әулет болып тұру тиімді болған. Өйткені заманына қарай бірігіп тұру қажеттілік болды. Жеке индивидуализмде өмір сүру қиын болатын. Ал бүгінгі таңда әрбір адамда таңдау бар. Яғни, сіз әке-шешеңізден бөлек немесе бірге тұра алатын таңдауыңыз бар. Адамдарда бұрынғыдай, бірге өмір сүру қажеттілігі қалған жоқ. Бұрын бір әулеттің үлкендері шешім шығарып, бұйрық беретін болса, қазіргі құндылықта бәрі индивидуализмге өзгеріп бара жатыр. Яғни, жеке тұлға, жеке шекара және тұлға ретінде араласу сынды қағидаттарға толысуда. Бұған қарап, қарым-қатынас тұрғысынан осындай өзгерістер бар екенін аңғарамыз. Алдағы уақытта да мұндай үрдістер болуы мүмкін. Алайда, отбасы институтының құрамы өзгермейді. Мұны біз берік ұстануымыз қажет деп ойламаймын. Ол үшін біз дәстүрлі отбасының тиімділігі мен олардың бақытын жақсы жағынан дәріптей алуымыз керек. Егер дәстүрлі отбасында әке мен шешесі бар толыққанды бола тұра, ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылықтан бас алмайтын болса, мұндай көріністерден кейін қоғам өзі альтернативті жолын іздей бастайды. Демек, әйел мен еркек бірге тұрса, айғай шудың көп болады деген ой түйінделеді. Мүмкін еркек пен еркек, әйел мен әйел тұрғаны дұрыс болар деген ойлар қалыптасуы ғажап емес. Сондықтанда біз дәстүрлі отбасын қалай дәріптей аламыз? соны қолға алу қажет. Азшылық топтарға қатысты соңғы кездегі жаңалықтарды көріп жүрміз. Біз оған байбалам сала бермей, дәстүрлі отбасының тиімділігі арқылы алтерьнатива ұсына аламыз.
Мұндай үрдістерден өскелең ұрпақты қалай сақтаймыз?
- Мәселе бар болған нәрсенің құндылығын көрсетуде. Адам бар нәрсенің маңыздылығын сезінуі қажет. Мысалы, бала өске кезде не көріп жатса да, ол бәрібірде туа сала дәстүрлі шаңырақта дүниеге келген. Оның дәстүрлі отбасында болуы оны сырттағы құбылыстардан 8-9 жыл алшақтатады. Осыған қарап, әр баланың тәрбиесі ересектің қолында екенін білеміз. Егер дәстүрлі құндылықтарды тиімді жеткізіп, оларға жақсы үлгі болсақ, бала қосымша ештеңе іздемейді. Ал егер отбасында үстінде айтқанымыздай, ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылықтан көз ашпаса, әрине, ондай кезде бала құндылықты сырттан іздейді.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!