Баланың ұлтын анықтау мен алиментке қатысты заңдар қайта қаралуы мүмкін
Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде бірқатар заң жобаларына қатысты маңызды ұсыныстарды жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда депутаттардың бастамасымен дайындалған бірнеше заң жобасына Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары мен тұжырымдарына негізделген заңнамалық ұсыныстар топтамасы енгізілген.
Конституциялық Сот төрағасы заң шығару күн тәртібінде төмендегі мәселелерді қарауды ұсынды:
Біріншіден, сот процесінде алқабилерді ауыстыру тәртібі, баланың ұлтын анықтау және көрсету, бала асырап алу институтын жетілдіру, сондай-ақ алименттік міндеттемелерді орындауға қатысты құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, Қылмыстық-процестік, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстер мен оларға қатысты басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу ұсынылды.
Екіншіден, ойын бизнесі, мұрагерлік және сақтандыру салаларында құқықтық екіұштылықты жою мақсатында Азаматтық кодекске түзетулер енгізу қажеттігі айтылды.
Үшіншіден, Әлеуметтік кодекске жұмыс істемейтін ата-аналардың жас балаға тікелей күтім жасаған уақытын еңбек өтіліне қосу және белгілі бір санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау тәсілдерін қайта қарау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу ұсынылды.
Төртіншіден, азаматтық және әлеуметтік заңнама нормалары арасындағы құқықтық коллизияларды, әсіресе сақтандыру мен зейнетақы жинақтарын қорғау мәселелері бойынша жою қажеттілігі көтерілді.
Бесіншіден, мемлекеттік қызметке кіру кезінде өтелген немесе алынған соттылықтың құқықтық салдарын нақтылау туралы мәселе күн тәртібіне шығарылды.
Сонымен қатар, Конституциялық Сот төрағасы келесі бағыттар бойынша да құқықтық реттеуді жетілдіруді ұсынды:
- Қазақстан азаматтарының жеке пайдалану үшін көлік құралдарын уақытша әкелу тәртібі;
- жеке және заңды тұлғалардың жер учаскелерін жалға алу конкурстарына қатысу шарттары;
- қылмыстық-атқару жүйесінде адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету.
Эльвира Азимова сөз соңында Парламенттің келесі сессиясында заң жобаларының тұжырымдамалық негіздемелері мен құқықтық мониторинг нәтижелерін қарау барысында Конституциялық Соттың ұстанымдарын ескеруді ұсынды.