Баланың қаржылық ойлауын қалай оятамыз? Ерекше кітап жарық көрді
Еңбек жастардың қаржылық сауатын ұлттық құндылықтармен ұштастырады.
Семейде Шәкәрім университетінде рухани-танымдық маңызды іс-шара өтіп, экономист Бауыржан Искаковтың «Балаңның бойындағы қаржылық алыпты оят: Абай ілімі арқылы» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға ғалымдар мен студенттерден бөлек, «Күміс университеті» тыңдаушылары, мектеп оқушылары және ардагер ұстаздар қатысып, буындар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті.
«Экономика және қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Ләззат Габдуллинаның айтуынша, бұл іс-шара университеттің білім беру мен ұлттық құндылықтарды ұштастырудағы маңызды қадамы болды.
Бүгінде университет тек маман даярлап қана қоймай, қоғамның зияткерлік деңгейін арттыруда стратегиялық рөл атқарып келеді. Осындай ғылыми-танымдық іс-шаралар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың рухани әрі экономикалық тұрғыдан қалыптасуына ықпал етеді, – деді ол.
Кітап авторы – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері Бауыржан Искаков. Оның еңбектері жаңа қаржылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Ләззат Габдуллина жаңа еңбектің мазмұнына тоқталып, оның Абай Құнанбайұлы мұрасымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Абайдың қара сөздеріндегі еңбекқорлық, білімге ұмтылу, жауапкершілік және үнемшілдік қағидалары бүгінгі қаржылық сауаттылықтың негізі бола алады. Автор осы философиялық ойларды заманауи экономикалық ұғымдармен ұштастырып, қаржылық тәрбиенің жаңа моделін ұсынып отыр, – деді спикер.
Оның айтуынша, кітап балалар мен ата-аналарға арналған практикалық нұсқаулық ретінде ерекшеленеді.
Еңбектің басты құндылығы – оның қолданбалы сипатында. Мұнда жеке бюджетті жоспарлау, қаржы жинау, инвестиция негіздері нақты мысалдармен түсіндірілген. Сонымен қатар, тапсырмалар мен ойын элементтері арқылы ата-аналар мен балалар бірге үйрене алады, – деді Габдуллина.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында ұлы ақын мұрасының ел дамуы үшін маңызын атап өткен болатын. Сарапшылардың пікірінше, бұл еңбек сол идеяны тәжірибелік деңгейде жалғастырады.
Университетте кітап оқу мәдениетін дамыту және ғылыми-танымдық іс-шараларды жүйелі өткізу дәстүрге айналған. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жобалар жас ұрпақтың аналитикалық ойлау қабілетін дамытып, олардың жан-жақты қалыптасуына жол ашады.