Баланың аяқ-қолы мұздай болуы қандай ауруды меңзейді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кішкентай балалардың аяқ-қолы мұздай болып жүруі қалыпты. Себебі нәрестелерде терморегуляция (ағзаның жылу реттеу қабілеті) әлі толық дамымаған болады.

Бұл туралы бала денсаулығы жайлы қарапайым тілде түсіндіретін педиатр-дәрігер Әсия Ибрахимқызы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

Оның сөзінше, 1 жарым жасқа қарай ол ересектердің терморегуляция деңгейіне жақындай бастайды. Алайда тек 3 жастарда ғана толық дамып бітеді.

Басқа патологиялық белгілер болмаған жағдайда, ол қалыпты нәрсе. Мысалы, температурасы жоғары болса, тәбеті болмаса, себепсіз жыласа, денесінде бөртпе болса, сонымен қоса аяқ-қолы мұздай болса, онда бұл қандай да бір ауру бар дегенді білдіреді. Ал бұндай белгілер болмаса, аяқ-қолы мұздай болуы қалыпты, - дейді дәрігер.

Әсия Ибрахимқызы баланың аяқ-қолы мұздай екенін көрген анасы баланың аяғына қалың шұлық кигізіп, орап тастайтынын айтты.

Ол кезде, баланың аяғы мұздағанымен қоса, ығалданып кетеді. Қалың шұлық кигізу баланың аяғын жылытып жібермейді, керісінше жылудың реттелуін бұзады. Баланың аяғы ыстықта тұрған соң, ағзасы салқындату үшін салқын бөледі. Сол үшін аяғы мұздай болып тұра береді, оған қоса ылғал қосылады, - деп түсіндірді ол.

Педиатрдың айтуынша, сирек жағдайда кейбір ауру кезінде аяқ-қолдың үнемі мұздауы ауру белгісі болуы мүмкін. 

Қалқанша безі ауруы, неврологиялық патологиялар, тамырлар спазмы, жаңа туған нәрестелердегі анемиядан аяқ-қол мұздай беруі мүмкін. Әрине, бұл аурулардың қосымша белгілері балада көрінсе ғана осындай болжамға келуге болады. Егер баланың аяқ-қолы мұздай болғанымен, денесі жылы, құрғақ болса, балада бәрі дұрыс, тоңып жатқан жоқ деген сөз, - деп атап өтті Әсия Ибрахимқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы