Баланың артық салмақ қосуына не себеп? Дәрігер маңызды кеңес берді
Бас санитар дәрігер балалардағы артық салмақтың алдын алу жолдарын түсіндірді.
Баланың артық салмақ қосуы тек тамақтану ерекшелігіне байланысты емес. Оның күнделікті қозғалысы, ұйқысы, гаджет алдында өткізетін уақыты мен отбасындағы тамақтану дағдысы да маңызды рөл атқарады. Сондықтан балалар арасындағы семіздіктің алдын алу үшін ең алдымен отбасылық өмір салтын өзгерту қажет. Астана қаласының бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева ата-аналарға дұрыс тамақтану, дене белсенділігі және күн тәртібіне қатысты бірқатар ұсыным берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның айтуынша, балалар арасындағы артық салмақтың алдын алуда негізгі жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі. Өйткені баланың тамақтану тәртібі мен күнделікті әдеттері ең алдымен отбасында қалыптасады. Ал алдын алудың басты мақсаты – тағам арқылы ағзаға түсетін энергия мен оның күнделікті жұмсайтын энергиясы арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
Дұрыс тамақтану – артық салмақтың алдын алудың негізі
Баланың тамақтану рационын құрастырғанда тағамның құрамы мен мөлшеріне мән берген жөн. Бұл ретте «тәрелке» әдісін қолдануға болады. Оның қағидасы бойынша, тәрелкенің жартысын көкөністер мен қант қосылмаған жемістер құрауы керек. Ал төрттен бір бөлігі қарақұмық, сұлы, қоңыр күріш сияқты тұтас дәнді дақылдардан жасалған өнімдерге бөлінеді. Қалған төрттен біріне майы аз ақуыз көздері – құс еті, балық, жұмыртқа және сүзбе орналастырылады.
Тамақтану тәртібін де назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Бала күніне 4–5 рет, тамақтану аралығы 3,5–4 сағат болатындай тамақтануы қажет. Кешкі ас жеңіл болғаны жөн. Сондай-ақ оны ұйқыға жатардан кемінде екі сағат бұрын ішкен дұрыс.
Тағы бір ескеретін мәселе – күнделікті тұтынатын сусындар. Газдалған сусындар, қаптамадағы шырындар мен түрлі қоспалары бар ішетін йогурдтардың құрамында артық калория болуы мүмкін. Сондықтан оларды шектеу немесе мүлдем алып тастап, баланы таза су ішуге дағдыландырған жөн.
Өнеркәсіптік өңдеуден өткен өнімдерді, ақ ұннан жасалған тәтті тоқаштарды, кәмпиттер мен чипсыларды да барынша азайту қажет. Сонымен бірге тамақтану кезінде телефон пайдалануға немесе теледидар көруге жол бермеген дұрыс. Өйткені бала назары басқаға ауып, асығыс тамақтанса, өзінің тойғанын дер кезінде сезбей қалуы мүмкін.
Бала күніне қанша уақыт қозғалыста болуы керек?
Дене белсенділігі – балалар арасындағы артық салмақтың алдын алатын негізгі факторлардың бірі. Қозғалыс энергия теңгерімін сақтауға көмектесіп қана қоймай, бұлшықет жүйесін нығайтады және зат алмасу үдерістерін жақсартады.
Дене белсенділігінің мөлшері баланың жасына қарай белгіленеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, бір жасқа дейінгі балалар үшін еденде немесе арнайы төсеніште қимыл-қозғалыс ойындарын ұйымдастыру маңызды. Мұндай балаларды күніне кемінде 30 минут етпетінен жатқызу ұсынылады. Ал экран алдында өткізетін уақытты болдырмаған жөн.
Бір жастан төрт жасқа дейінгі балалар күні бойы кез келген қарқындылықтағы дене белсенділігімен кемінде 180 минут, яғни үш сағат айналысуы керек. Ал 5–17 жастағы балалар мен жасөспірімдерге күніне орташа немесе жоғары қарқындылықтағы дене белсенділігімен кемінде 60 минут айналысу ұсынылады. Оның басым бөлігі аэробтық жаттығулар болғаны дұрыс.
Артық салмақтың алдын алу үшін баланың қозғалысы жан-жақты болғаны маңызды. Ол үш негізгі бағытты қамтуы керек: аэробтық жаттығулар, бұлшықеттерді нығайту және сүйектерді бекіту.
Аэробтық жаттығулардың орташа қарқындылығына күнделікті жылдам жүру, балалар алаңындағы белсенді ойындар, самокат тебу және би билеу жатады. Ал жоғары қарқындылықтағы жаттығуларды аптасына кемінде үш рет орындаған жөн. Олардың қатарына жүгіру, футбол, баскетбол, жүзу, велосипед тебу және секіртпемен секіру кіреді.
Бұлшықеттер мен сүйектерді нығайтуға арналған жаттығулар да аптасына кемінде үш рет ұйымдастырылуы қажет. Ол үшін балаға өрмелеу элементтері бар қимылды ойындар ойнатып, гимнастикалық қабырғада немесе арқанды саябақтарда жаттығуға мүмкіндік берген дұрыс. Секіру мен гимнастика да осындай жаттығулар қатарына кіреді.
Таза ауа, ұйқы және гаджет: ата-аналар нені ескеруі керек?
Баланың күнделікті қозғалысы міндетті түрде спорттық жаттығулармен шектелмеуі керек. Таза ауада серуендеу де маңызды. Ауа райына қарамастан, күн сайын кемінде бір сағат сыртта жүруге, жылдам жүріп, балалар алаңында ойнауға дағдыландырған жөн.
Күнделікті тұрмыстағы қарапайым әдеттердің де пайдасы бар. Мәселен, баланы мүмкіндігінше жаяу жүруге ынталандырып, лифтіні пайдаланудан бас тартуға және таңертеңгілік дене жаттығуларын жасауға үйрету қажет.
Ұйқы тәртібі де артық салмақтың алдын алуда елеулі рөл атқарады. Баланың сағат 22:00-ге дейін ұйықтауы және жасына сәйкес қажетті уақыт бойы демалуы маңызды. Ұйқының жеткіліксіздігі тәбетті реттейтін грелин мен лептин гормондарының бөлінуіне тікелей әсер етіп, шамадан тыс тамақтануға әкелуі мүмкін.
Бұдан бөлек, компьютер мен теледидар алдында өткізетін уақытты күніне 1,5–2 сағатқа дейін қысқарту ұсынылады. Ұйқыға жатардан кемінде бір сағат бұрын барлық гаджетті өшірген дұрыс.
Баланы тамақ жеуге мәжбүрлеуге болмайды
Баланың денсаулығын ойлаған ата-ана кейде оның тәрелкесіндегі асты түгел тауысып жеуін талап етеді. Алайда маман мұндай әрекеттен аулақ болуға шақырады. Егер бала тойғанын сезсе, оны тамақты күштеп жеуге мәжбүрлемеген жөн.
Сондай-ақ баланың дене бітімін сынап, намысына тиетін сөздер айтуға болмайды. Мұндай психологиялық қысым мәселені одан әрі ушықтырып, баланың тамақтану тәртібінің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Балалар арасындағы артық салмақтың алдын алу – тек белгілі бір тағамдарды шектеу немесе баланы спортқа беру емес. Бұл – дұрыс тамақтану, жеткілікті қозғалыс, сапалы ұйқы және психологиялық жайлылықты қатар қамтитын отбасылық тәрбие. Сондықтан салауатты өмір салтына қатысты әдеттерді балаға кішкентайынан үйрету маңызды. Бұл оның бүгінгі денсаулығын нығайтып қана қоймай, болашақта да салауатты өмір сүруіне негіз болады.