Баланы ауруханаға жатқызғанда нені білген жөн?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Балаңыз аяқ астынан ауырып қалса немесе жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде ата-ана нені білуі тиіс? Бұл туралы ақпаратпен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының баспасөз қызметі бөлісті.
Шұғыл емдеуге жатқызу
Уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе баланың өміріне қауіп төнетін жағдайлар орын алуы мүмкін. Әрине, мұндай жағдайда шұғыл түрде бала ем алуы тиіс. Мысалы, жедел іріңді аурулар, жарақаттар, ауыр өтетін ішек инфекциялары, іштің қатты ауыруы, улану, күйік және т. б. жағдайларда бала ауруханаға шұғыл түрде жатқызылуы тиіс.
Мұндай жағдайларда баланы ауруханаға жедел жәрдем бригадасы немесе ата-анасының өзі жеткізеді.
Жоспарлы емдеуге жатқызу
• Жоспарлы емдеуге жатқызу балаға стационар жағдайында емдеу курсын жүргізу қажет болғанда немесе жоспарлы операция жасалғанда жүзеге асырылады.
• Жоспарлы емдеуге жатқызуды Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері, педиатр) рәсімдейді.
• Стационар жоспарлы емдеуге жатқызу күнін растаған кезде учаскелік дәрігер қажетті зерттеулер мен талдаулардың нәтижелері бар баланың медициналық картасынан сырқат дерегі бойынша үзінді әзірлейді.
Бұл тізбе медициналық көмектің бейініне байланысты ерекшеленуі мүмкін.
Қандай медициналық тексерулер қажет болуы мүмкін?
• Стационарға емдеуге жатқызуға жіберу қағазы портал бойынша жоспарлы емдеуге жатқызу талоны
• Баланың даму тарихынан үзінді
• Егу картасы
• Соңғы айдағы баланың эпидемиологиялық ортасы туралы анықтама
• Қышыма, дерматомикоз, педикулезге тексеру
• Қанның жалпы талдауы
• Микрореакцияға қан
• Бактериялық патогендік флораға талдау тапсыру
• Гепатит вирусы маркерлері
• АИТВ-ға қан тапсыру
• COVID-19-ға ПТР тапсыру
• Стационарлық көмек көрсету ережелеріне сәйкес, ата-анасының біреуі немесе жақын туыстарының бірі (әжесі/атасы, кәмелетке толған ағасы/әпкесі) нотариалды куәландырылған сенімхатпен ауруханада 5 жасқа дейінгі баланың жанында бола алады.
• Онкогематологиялық бейіндегі 18 жасқа дейінгі пациенттер ересек адамның сүйемелдеуімен емдеуге жатқызылады.
• Жекелеген ауыр жағдайларда 5 жастан асқан балалар да, аурухана бөлімшесінің меңгерушісімен келісілгеннен кейін, ауруханаға күтім жасайтын ересек адаммен бірге жатқызылуы мүмкін.
• Қажет болған жағдайда баланың жанында жатқан адам еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ала алады.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана стационарда болған барлық кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Осы орайда, ересек адам баламен бірге ауруханаға жату үшін төмендегі медициналық тексерулер қажет болуы ықтимал:
• Флюорография
• Микрореакцияға қан
• Гельминт жұмыртқаларына қырынды
• COVID-19-ға ПТР-сынама
• Баланың заңды өкілінің еріп жүретін адамға берген сенімхаты (нотариалды куәландырылған).
Өзіңізбен бірге стационарға не алуға болады?
Құжаттар:
• Ауруханаға жатқызуға жолдама, талон, ауру тарихынан үзінді, баланың туу туралы куәлігі, ересек адамның жеке куәлігі, амбулаториялық карта және пациенттің ауруына байланысты тексеру нәтижелері
• Ыңғайлы киім
• Ауыстыруға аяқ киім.
• Жеке гигиена құралдары
• Ұялы телефон және қуаттағыш
Бала күтімі үшін стационарға келесі адамдарға рұқсат етілмейді:
• Жіті инфекциялық аурулар, соның ішінде, туберкулез, COVID-19, психикалық ауытқушылықтар
• Тері-венерологиялық аурулар
• Маскүнемдік пен нашақорлықтан зардап шегушілер
• 24 аптадан асқан жүктілік
• 65 жастан асқан адамдар
2021 жылы 755 478 бала тәулік бойғы стационар жағдайында 141 млрд теңгеден астам сомаға ем алды.
Мәліметтерге сүйенсек, балалардың ауруханаға жатуының жиі кездесетін себептерінің бірі жұқпалы аурулар болып отыр. Сонымен қатар тыныс алу органдарының аурулары, өмірінің бірінші айында пайда болатын келеңсіз жағдайлар, туа біткен аурулар және жедел хирургиялық патологиямен ем алатын балалардың қатары көп.