"Балаң полицияда": Өгей әке әйелінің бұрынғы күйеуінен 1,5 млн теңге талап етті
Қостанай облысында 30 жастағы ер адам әйелінің бұрынғы күйеуінен баласына қауіп-қатер төніп тұрғанын айтып 1,5 млн теңге талап еткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Федоров ауданында 30 жастағы ер адам 36 жастағы танысынан ірі көлемде ақша талап еткен.
Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері анықтағандай, жанжал тек қаржылық емес, сонымен қатар отбасылық сипатқа да ие болған.
Белгілі болғандай, жәбірленушінің бұрынғы әйелі қазір күдіктінің жары болған. Жәбірленушінің 11 жастағы ұлы өгей әкесімен бірге тұрған.
Осы жағдайды күдікті өз пайдасына жаратқан. Шілде айында ол баланың әкесіне оның жол-көлік оқиғасына кінәлі екенін айтып, сол сылтаумен 750 мың теңге алған. Кейін жаңа сылтау ойлап тауып, баланы полиция ұстады, ал мәселені "шешу үшін" 650 мың теңге қажет болды деген. Осыдан кейін күдікті 1,5 миллион теңге талап ете бастаған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол үздіксіз қоңыраулар шалып, жәбірленушіні "сөйлесу үшін" қалаға алып барған жағдайлар да болған. Нәтижесінде ер адам "Бопсалау" бабы бойынша тергеуге алынды, - деп хабарлады Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі.
Тергеу жалғасуда, барлық мән-жайлар анықталуда.