"Баламды күштеп соғысқа әкетті ме": Ресейге кеткен қазақ жігіті туралы тың дерек шықты

Түркістан облысы, Келес ауданы, Алпамыс ауылының тұрғыны Сүндет Пернебек үш айдан бері байланысқа шықпаған. Ол 2024 жылдың шілде айында Ресейге жұмысқа кеткен. Бірақ қаңтар айының ортасынан бастап, байланыс үзілген. BAQ.KZ тілшісі Сүндеттің анасы Айнұр Тасболатовамен байланысқа шығып, тілдесті.

"Балам үнемі байланыста отыратын"

Анасының айтуынша, Сүндет Ресейге жұмысқа кету туралы шешімді өзі қабылдаған. Баласының көрші мемлекетке кететінін ол тек аттанатын күні ғана білген. Айнұр Тасболатова бұл туралы ертерек білсе, баласын жіберуге қарсы болатынын айтады.

Балам тәп-тәуір Астанада жұмыс істеп жүрді. 2024 жылдың 21 шілде күні хабарласып, Ресейге жұмысқа кетіп бара жатқанын айтты. Мен алаңдап, бармай-ақ қоюды өтіндім. Ол барлығы жақсы екенін, онда көп ақша төлейтінін және өзінің әскердегі танысының ұсынысымен кетіп бара жатқанын айтты, – дейді анасы.

Сүндет үй-ішімен 6 ай бойы байланыс жасап, қайда жұмыс істейтіні жайлы ақпарат пен фотосуреттер жіберіп отырған.

Балам үнемі байланыста болатын. Алғашында Мәскеудегі шұжық өндіретін зауытта жұмыс істеп жүргенін айтты. Мен оған сенімді болу үшін әскердегі досының байланыс нөмірін сұрадым. Бірақ Мәскеуге келген соң екеуі екі тарапқа бөлініп кеткенін айтып, менің сұрауыма жауап бермеді. Өзім де үнемі байланыста болған соң алаңдамайтынмын, – дейді анасы.

"Ауылға қайтамын, ауызашар беремін деп айтқан"

Сүндет үйімен үнемі байланысып, тіпті рамазан айында ауылына қайтатынын, біраз ақша жинап қойғанын айтыпты.

Желтоқсан айында 110 мың теңге ақша жіберді. Менің несиемді жабуға қаражат жинап қойғанын, жақын арада ауылға қайтатынын айтты. Ауылға келіп ауызашар беремін, дайындала беріңіз деп хабарлады. Бірақ кейін байланыс мүлде үзілді, – дейді анасы.

13 қаңтарда Сүндет "сеть жоқ жаққа кетіп барамын, уайымдамаңыздар" деп соңғы хабарламасын жіберген. Содан кейін анасы баласымен байланысқа шыға алмай қалған.

"3 айдан бері хабарсыз жататын адам емес"

26 жастағы Сүндет бұған дейін Ресейге жұмысқа бармаған. Оның шетелде жұмыс істеудегі алғашқы тәжірибесі екен. Анасы оның зиянды әдеттерге әуес емес екенін айтып, бір жағдайға ұшырап қалмады ма деп алаңдайды.

Сүндеттің жауапкершілігі мол бала. 3 айдан бері хабарсыз жататын жан емес. Мектепті бітірген соң әскерге өз еркімен аттанды. Баламды күштеп соғысқа әкетті ме деп алаңдаймын. Хабар болмаған соң әртүрлі ойлар келеді. Қазір тек жақсы жаңалық күтемін, – дейді анасы.

"Елшіліктен хат келді"

Анасы Мәскеуде немере туыстарының бар екенін айтты. Сүндетпен байланыс үзілген соң, туыстары Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне барып, арыз түсірген. 15 наурызда арыздың қабылданғаны туралы хат келген.

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігі сіздің өтінішіңізді қарастырып, келесіні хабарлайды. Елшілік ҚР азаматы Сүндет Бауыржанұлы Пернебекке қатысты тиісті нотаны РФ Сыртқы істер министрлігіне жолдады. Қосымша Ішкі істер министрлігіне қызметтік хаттар жіберілді. Жауап келгенде сізге шұғыл түрде хабарлайтын боламыз, – делінген хатта.

"Ұлыммен бірге істеген жігітті таптым"

Сүндеттің анасы әлеуметтік желіде жарияланған видеоның астына пікір қалдырған жігіт туралы айтты. Серік Кдырбаев есімді азамат Сүндеттің Украинаға шекаралас аймағы Белгардта бірге жұмыс істегенін жазған екен.

Сол пікірді оқыдық. Оның баламмен бірге жұмыс істегені айдан анық болып тұр. Жеке парақшасын шолып өтсек, баламның бізге жіберген аймағынан видеоларды жүктеген. Енді байланысқа шықсақ жауап бермей жатыр, – дейді анасы.

Бұл мәселеге қатысты Айнұр Тасболатова Келес ауданына арыз түсірген. Ұлының жағдайын тек сол жігіт білуі мүмкін деп ойлайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты
Өзгелердің жаңалығы