«Балам сау болса, екпе не үшін керек?» – маман түсіндірді
Бала ауырмай тұрғанда екпе салдырудың қажеті қанша? Ауырып шыққаннан кейін қалыптасатын иммунитет жақсырақ емес пе? Ата-аналарды толғандыратын осы сұрақтарға Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Прәлиева түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екпе ағзаны аурумен кездесуге дайындайды
Екпенің пайдасы күнделікті өмірде бірден байқала бермейді. Себебі оның нәтижесі – алдын алынған ауру, болдырмаған асқыну, сақталған өмір. Бала сырқаттанбай, қалыпты өсіп жатқанда, мұның артында вакцина арқылы қалыптасқан қорғаныс та болуы мүмкін екенін ескере бермейміз.
Жанна Прәлиеваның түсіндіруінше, вакцинацияның негізгі мақсаты – иммундық жүйені белгілі бір инфекцияны тануға және оған қарсы әрекет етуге алдын ала дайындау. Кейін сол вирус немесе бактерия ағзаға түскенде, иммундық жүйе жылдамырақ жауап бере алады.
Балаға екпе салудың негізгі мақсаты – ағзаны инфекциямен кездесуге алдын ала дайындау. Вакцина иммундық жүйеге белгілі бір қоздырғышты танып, оған қарсы қорғаныс қалыптастыруға көмектеседі, - дейді маман.
Вакцинацияның ауқымды нәтижесін ғылыми зерттеулер де көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшілігімен жүргізілген зерттеудің бағалауынша, 1974-2024 жылдары 14 ауруға қарсы иммундау кемінде 154 миллион адамның өмірін сақтап қалған. Оның 101 миллионы - бір жасқа дейінгі сәбилер.
«Өзі ауырып шықсын» деген пікір несімен қауіпті?
Маманның айтуынша, баланың ауруды жұқтырып, табиғи жолмен иммунитет қалыптастырғанын күту оның ықтимал зардаптарын ескермеуге әкелуі мүмкін. Әсіресе иммундық жүйесі әлі дамып келе жатқан кішкентай балалар үшін кейбір инфекциялар қауіпті.
Полиомиелит салдануға соқтыруы мүмкін. Қызылша ми қабынуы мен көру қабілетінің жоғалуына әкелуі ықтимал. Ал сіреспе бұлшықеттердің ауыр құрысуын туғызып, тыныс алуды қиындатады.
Ауруды жеңіп шығу оның зардабынан толық арылумен бірдей емес. Вакцинация осы қауіпті аурулардан қорғауға арналған, – деп түсіндіреді Жанна Прәлиева.
Сондықтан «баламның дені сау, оған екпе қажет емес» деген тұжырым вакцинацияның мақсатына қайшы келеді. Екпе бала ауырғаннан кейін емдеу үшін емес, инфекциядан алдын ала қорғау үшін салынады.
Ауру сирек кездессе де, қауіп жойылмайды
Кейбір жұқпалы аурулардың сирек тіркелуі олардың қаупі азайғандай әсер қалдырады. Алайда маман мұны екпеден бас тартуға негіз деп қарастыруға болмайтынын айтады.
Адамдардың елдер мен қалалар арасында қатынауы инфекцияның бір өңірден екіншісіне таралуына мүмкіндік береді. Сондықтан айналада ауру тіркелмеуі оның мүлде жойылғанын білдірмейді.
Вакцинацияның қоғамдық маңызы да осымен байланысты. Халықтың жеткілікті бөлігі егілгенде, кейбір инфекциялардың таралуы қиындайды. Бұл екпе алуға жасы жетпеген сәбилерді және медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты кейбір вакциналарды ала алмайтын адамдарды жанама қорғауға көмектеседі.
Екпенің жанама әсері бола ма?
Ата-аналардың қауіпсіздікке қатысты сұрақтарына ашық жауап берілуі қажет. Жанна Прәлиева кез келген дәрілік препарат сияқты, вакцинаның да жанама әсері болуы мүмкін екенін түсіндіреді.
Екпе салынған жердің ауыруы немесе дене қызуының аздап көтерілуі көбіне жеңіл әрі қысқа мерзімді болады. Ауыр жағымсыз реакциялар өте сирек кездеседі. Мәселен, ДДҰ қызылшаға қарсы вакцинадан кейінгі ауыр реакциялармен салыстырғанда, аурудың өзінен ауыр зардап шегу қаупі әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді.
Маманның мәліметінше, вакциналар қолданысқа енгізілгенге дейін бірнеше кезеңнен тұратын клиникалық сынақтардан өтеді. Пайдалануға рұқсат берілгеннен кейін де олардың қауіпсіздігі бақыланады.
Сонымен бірге екпеден кейін байқалған кез келген сырқатты бірден вакцинамен байланыстыру дұрыс емес. Мұндай жағдайда себеп-салдар байланысы арнайы бағалануы керек.
Алаңдататын белгі байқалса, оны өз бетінше жорамалдамай, медицина қызметкеріне хабарлау қажет, – дейді департамент басшысының орынбасары.
Екпені кейінге қалдыру нені өзгертеді?
Екпені ұсынылған мерзімде алудың да маңызы бар. Оны медициналық негізсіз кейінге шегеру баланың инфекция алдында қорғаныссыз қалатын уақытын ұзартады.
Жанна Прәлиева ата-аналарға баланың екпе күнтізбесін дәрігермен нақтылап, денсаулығына қатысты ерекшеліктерді алдын ала талқылауға кеңес береді. Бұрын екпеден кейін реакция байқалса немесе басқа да алаңдаушылық болса, бұл туралы медицина қызметкеріне айту қажет.
Маманның айтуынша, ата-ананың сұрақ қоюы – жауапкершіліктің белгісі. Ал шешім қабылдарда сол сұрақтарға ғылыми дәлелдер мен сенімді медициналық ақпараттан жауап іздеген дұрыс.