Балам аман болсын – ата-аналар тілегі. Фоторепортаж
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні. Қазақстандықтар жыл сайын бүлдіршіндердің төл мерекесін атап өтеді. Әр ата-ана үшін баланың бақытты болуы маңызды. Үлкен өмірге қадам бақытты балалық шақтан басталады. Биыл елордалық ата-аналар балалардың мерекесін неден бастағанын сурет арқылы жеткізуге тырыстық.
Бүгін біздің мереке екені сезіліп тұр. Себебі, таңертең біз саябаққа көңіл көтеру үшін келдік. Қазір велосипед тебеміз. Бірақ, ешкімнен ешқандай сыйлық күтпеймін. Көңіл-күйім онсыз да керемет. Үйде төрт ағайындымыз. Мен үлкенімін. Сіңілілерімді жинап, осында ағам алып келді. Бала болған маған ұнайды. Үлкендердің жұмысын істемейміз, - дейді 12 жастағы елордалық Аянат Әсет.
Жиендерін мерекеге орай саябаққа алып келген ағасы медицина қызметкері екен.
Әлем балаларына денсаулық пен бақыт тілеймін. Өзім медицина саласында жұмыс істеген соң, денсаулық ең басты байлық екенін жете түсінемін. Балалар ауырмасын, алға қойған мақсаттарына жете берсін. Ата-аналарын қуантып үлкен азамат болсын. Саябаққа жақын жерде тұрамыз. Балалар "велосипед тебеміз" деген соң, осында алып келдік, - деді елордалық тұрғын Нұрғани Төлегенов.
Саябаққа өз балаларын алып келген аналардың бірі Гүлфайруз Еркенбаева бұл өмірдегі "ең үлкен бақыт - бала" дейді.
Бала біздің басты бақытымыз, байлығымыз. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дегендей, мәре-сәре болып, мерекені тойлауға келдік. Үш баланың анасымын. Ана болу бақыты бүкіл әйел адамға бұйырсын. Балалар ауырмасын. Мен ата-ана ретінде баламның бақытты болуына барлығына дайынмын, - Гүлфайруз Еркенбаева.
Сондай-ақ, мерекені елден қалмай, мерекелеуге шыққандардың бірі үш баланың анасы да өз лебізін білдірді.
Бүгін мереке болған соң, балаларды алып шықтық. Баламен бала болып, өзіміз де қуанып, серуен құрып отырмыз. Кенже қызым 9 айлық. Балалардың барлығы бақытты болғанын қалаймын, - деді елордалық тұрғын.
Ата-аналар карантинде балалар зерігіп, қазір көп уақытын далада өткізгісі келетіндерін де тілге тиек етті.
Әлемнің барлық баласына денсаулық тілеймін. Балалардың балалық шағы бақытты болса екен деймін. Балалы болу мезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің екі қызым бар, мен өзімді ең бақытты анамын деп есептеймін. Тұла бойым тұңғышымды көп күттік. Сондықтан, мен үшін ана болу бақытының орны ерекше, - деді елорда тұрғыны.Тұрғынның айтуынша, бізде балалар үйі болмауы керек.
Балалар үшін барлық жағдай жасалуы керек. Мәселен, елордада балаларға қолайлы саябақтар аз. Сумен ойнаған балақайлар қандай бақытты. Сол жағалауда Оқушылар сарайы сынды үлкен орталық жоқ. Менің балаларым гинастикамен айналысады. Балаларды дамытуға бағытталған спорт сыныптары мен нысандар көп болса, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді Әсел Төлегенбаева.
Ал 5 баланың анасы Надежда Аликерованың айтуынша, 1 маусым жылдың ең мейірімді мерекесі.
Балаларға бар жақсылықты тілеймін. Ана болу - ең керемет сезім. Олардың өмірінде тек қана оң оқиғалар болғанын қалаймын. Мен өз балаларымды мақтан тұтамын, - деді Надежда Аликерова.
Баласын жетектеп саябаққа келгендердің бірі - Евгений Загоруйко.
Ең бастысы – денсаулық. Ашпандары ашық болсын. Соғыс болмасын. Барлық бала бақытты өмір сүрсе екен деймін, - деп Е.Загоруйко.
Ата-аналармен бірге әжелердің де жүргенін көз шалды.
Балаларды қорғау халықаралық мерекесі құтты болсын. Балалар бар бақытқа лайық. Елімізде тыныштық, береке болсын. Коронавирустан тезірек айығайық. Менің 4 балам бар. Бала, оның ішінде немере сүйген ерекше сезім. Шөбере сүйсем деген де тілегім бар, - деді Тұрсынған Жаңылған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда "Абай оқулары" жыр сайысы өтті
Келесі жаңалық
Бокстан Азия чемпионатына баратын ерлер құрамы белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы