16 Мамыр 2026, 17:45

Балалық па, әлде ана болу ма? Қазақстандағы ерте жүктіліктің ащы шындығы

Қазақстанда жыл сайын мыңдаған кәмелетке толмаған қыз ана атанады. Сарапшылар мұның артында тек медицина емес, әлеуметтік қысым, ерте тұрмыс және үнсіз қалған проблемалар тұрғанын айтады

Кеше ғана мектеп формасын киіп жүрген қыздың бүгін перзентхана табалдырығын аттауы – қоғам үшін қалыпты жағдай болмауы керек. Бірақ Қазақстанда ерте жүктілік мәселесі әлі де толық шешілген жоқ. Ресми статистикаға қарасақ, кәмелетке толмаған қыздардың босану жағдайлары жыл сайын тіркеліп келеді. Кей өңірлерде бұл көрсеткіш алаңдатарлық деңгейде сақталып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елімізде 20 жасқа дейінгі қыздар арасында туу көрсеткіші әлі де жоғары. Әсіресе Түркістан облысы, Алматы облысы, Жамбыл облысы сияқты өңірлерде жасөспірімдер арасындағы жүктілік жиі кездеседі. Мамандар мұны тек медицина мәселесі емес, әлеуметтік және мәдени факторлармен байланыстырады.

Сенатта бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Депутаттар соңғы жылдары 15–18 жас аралығындағы қыздардың босану жағдайы көбейгенін айтып, мемлекет деңгейінде нақты алдын алу шаралары қажет екенін мәлімдеген болатын. Өйткені бұл статистиканың артында тағдырлар тұр. Мектеп қабырғасынан шықпай жатып ана атанған қыздардың тағдыры.

Ерте жүктілік: құрғақ статистика емес, үнсіз қалған тағдырлар

Қазақстандағы ресми мәліметтер жасөспірім қыздардың ана атану фактілері әлі де азаймай отырғанын көрсетеді. Әсіресе 15–19 жас аралығындағы қыздар арасында босану жағдайлары қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселеге айналып отыр.

Мамандардың айтуынша, ерте жүктілік көбіне тек бір қателіктің салдары емес. Оның артында ақпарат тапшылығы, отбасындағы қысым, психологиялық әлсіздік, әлеуметтік теңсіздік және ерте тұрмыс жатыр.

Кей қыздар жүкті екенін ата-анасынан қорқып жасырады. Кейі оқуын тастауға мәжбүр болады. Ал енді бірі қысқа уақыт ішінде балалық шақтан ересек өмірге өтеді.

Сарапшылардың сөзінше, қоғам мұндай жағдайда көбіне қыз баланы ғана кінәлауға бейім. Бірақ мәселенің тамыры әлдеқайда тереңде жатыр.

«Қыз өссе – қонақ»: ескі түсінік әлі де өзгермеді ме?

Сарапшылар ерте жүктіліктің басты себептерінің бірі – кей өңірлерде әлі де сақталған ерте тұрмыс менталитеті екенін айтады. Әсіресе оңтүстік аймақтарда қызды мектеп бітірмей ұзату жағдайлары жасырын емес.

Кей отбасыларда қыз баланың білімі емес, тезірек тұрмысқа шыққаны маңыздырақ саналады. Мұндай ортада қыздың өз таңдауы, психологиялық дайындығы немесе болашақ жоспары екінші орынға ысырылып қалады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары да жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің негізгі себептерінің бірі ретінде ерте некені атайды. Мамандардың айтуынша, кәмелетке толмаған қыздардың тұрмысқа шығуы кейін ерте ана атануына алып келеді. Мұндай жағдай тек жүктілікке байланысты емес. Кей отбасыларда қызды ерте ұзату дәстүрге, әлеуметтік қысымға немесе экономикалық себептерге байланысты қалыпты құбылыс ретінде қабылданады.

Қазақстанда ерте неке көбіне қыз балалар арасында жиі кездеседі. Ресми статистика бойынша, өткен жылы 16–19 жас аралығында 2,6 мың бозбала үйленсе, дәл осы жаста тұрмыс құрған қыздардың саны 17,3 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш қоғамдағы жауапкершілік пен қысымның басым бөлігі әлі де қыз баланың мойнына түсетінін көрсетеді.

Біз ерте жүктілік мәселесіне көбіне біржақты қараймыз. Қоғамда көп жағдайда кінә тек қыз балаға артылады. Бірақ мәселенің тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Оның артында кедейлік, ерте неке, қысым, ақпарат тапшылығы және кей өңірлерде әлі де сақталған ескі түсініктер тұр. Кей қыздардың тағдырына қатысты шешім олардың өзінен бұрын қабылданып жатады. Мұндай жағдайда жасөспірім қыз бір күннің ішінде оқушыдан келінге, анаға айналып шыға келеді. Ал бұл оның психологиялық қалыптасуына да, болашағына да үлкен салмақ түсіреді, – деп пікір білдірді әлеуметтанушы Роза Маратқызы.

Ауылдағы үнсіздік және ақпарат тапшылығы

Мамандардың сөзінше, ерте жүктілік көбіне ауылдық жерде жиі кездеседі. Бұған бірнеше фактор әсер етеді: ақпараттың жетіспеуі, психологтардың тапшылығы, жыныстық сауат тақырыбының жабық болуы және ата-аналардың балалармен ашық сөйлеспеуі.

Көптеген отбасында бұл тақырыпты қозғаудың өзі ұят саналады. Соның салдарынан жасөспірімдер маңызды ақпаратты әлеуметтік желіден, құрбыларынан немесе интернеттегі күмәнді контенттен алады.

Психологтардың айтуынша, қазіргі балалар ақпаратты ата-анадан емес, TikTok пен Instagram-нан үйреніп жатыр. Бірақ ол жақта жауапкершілік туралы емес, эмоция мен еліктеу туралы контент әлдеқайда көп.

Ерте жүктіліктің артында көбіне эмоционалды жалғыздық пен психологиялық әлсіздік тұрады. Кей қыздар махаббат пен тәуелділікті шатастырады, енді бірі отбасындағы жылулықты сырттан іздейді. Қазіргі балалар ақпаратты ата-анадан емес, TikTok пен әлеуметтік желіден алып жатыр. Ал ол жерде жауапкершілік туралы емес, эмоция мен еліктеу туралы контент көп. Соның салдарынан жасөспірімдер өз әрекетінің салдарын толық түсінбей жатады. Бұл жерде мәселе тек тәрбиеде емес, ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуінде де болып тұр, – деді психолог Бақытгүл Мырзай.

«Ол әлі өзі бала еді»: дәрігерлер не дейді?

Дәрігерлер ерте жүктіліктің қыз баланың денсаулығына өте ауыр әсер ететінін айтып дабыл қағып келеді. Олардың сөзінше, жасөспірім кезеңде ағза толық қалыптасып үлгермейді. Соның салдарынан босану кезінде қауіп артады.

Мамандар ерте жүктілік кезінде анемия, ауыр босану, гормоналдық өзгерістер, психологиялық күйзеліс және босанудан кейінгі депрессия жиі кездесетінін айтады.

Қазір ерте жүктілік мәселесі тек дәрігерлерді емес, тұтас қоғамды алаңдатып отыр. Себебі 15–16 жастағы қыз баланың ағзасы ана болуға толық дайын болмайды. Мұндай жастағы жүктілік көбіне ауыр өтеді, асқыну да жиі кездеседі. Кей қыздар жүктілікті соңына дейін жасырып жүреді, тіпті дәрігерге кеш келеді. Соның салдарынан анемия, ауыр босану, психологиялық күйзеліс сияқты мәселелер ушығып кетеді. Өкінішке қарай, бізде бұл тақырып әлі күнге дейін ашық айтылмайды. Ал мәселені үнсіз қалдыру оны шешпейді, керісінше тереңдете түседі, – деп түсіндірді акушер-гинеколог Айгүл Әбдіраманова.

Қазақстанның балалар гинекологтары да соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы түсік мәселесі көбейіп отырғанын бірнеше рет көтерді. Дәрігерлердің айтуынша, көптеген қыз қарапайым қорғану тәсілдері туралы да толық білмейді.

Жасөспірімдердің көбі жыныстық сауат туралы нақты ақпарат алмай өсіп келеді. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл мәселе “ұят” тақырып ретінде қабылданады. Соның салдарынан көптеген қыз қарапайым қорғану жолдарын да білмейді. Кей жағдайда жасөспірімдер жүкті екенін ата-анасынан қорқып жасырады, ал кейбірі бақылаусыз түсік жасатуға дейін барады. Мұның бәрі кейін олардың денсаулығына ғана емес, психикасына да ауыр әсер етеді. Сондықтан мәселені жасыра бермей, балалармен ашық сөйлесуді үйренуіміз керек, – деп атап өтті ҚР ДСМ Бас штаттан тыс балалар гинекологы Елена Лушпаева.

Мектептер неге үнсіз?

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда жыныстық сауат мәселесі әлі де жүйелі түрде оқытылмайды. Көп мектепте бұл тақырып ашық талқыланбайды. Мұғалімдердің өзі мұндай әңгімеден қашқақтайды. Ал кей ата-ана мұны тәрбиесіздікпен байланыстырады.

Соның салдарынан жасөспірімдер маңызды ақпаратты әлеуметтік желіден іздейді. Бірақ интернет кеңістігіндегі контенттің барлығы дұрыс ақпарат бере бермейді.

Мамандардың сөзінше, балаларға қауіп туралы айтпау оларды қорғамайды. Керісінше, ақпаратсыздық қауіптің өзін күшейтеді.

Мәселе тек медицинада емес

Сарапшылар ерте жүктілікті тек «тәрбиенің әлсіздігі» деп бағалау қате екенін айтады. Себебі бұл мәселенің артында әлеуметтік теңсіздік, кедейлік, тұрмыстық қысым, отбасындағы зорлық және психологиялық қорғансыздық жатыр.

Кей жағдайларда жасөспірім қыздар ер адамдар тарапынан қысымға түседі. Кейі махаббатқа алданып қалады. Ал кейбірі өз құқығын да толық білмейді.

Мамандардың айтуынша, ерте жүктілік көбіне қыз баланың ғана емес, тұтас қоғамның проблемасын көрсетеді. Себебі бұл жерде отбасы тәрбиесі де, мектептегі білім де, мемлекеттік саясат та маңызды рөл атқарады.

Мәселені қалай шешуге болады?

Сарапшылар бірнеше бағытқа басымдық беру керек екенін айтады. Біріншіден, мектептердегі жыныстық сауат бағдарламасын жаңарту қажет. Екіншіден, ата-аналар мен балалар арасындағы ашық байланысты күшейту маңызды. Үшіншіден, ауылдардағы психологтар мен жасөспірімдер дәрігерінің тапшылығын шешу керек.

Сонымен қатар мамандар ерте неке мен ресми тіркелмеген діни некеге бақылауды күшейту қажет екенін де айтады.

Өйткені мәселе тек статистикада емес. Бұл – мыңдаған қыздың өмірі.

Ерте жүктілік туралы сөз болғанда қоғам көбіне қыз баланы кінәлауға бейім. Бірақ мамандар мәселенің түп-тамыры әлдеқайда тереңде екенін айтады.

Мектеп қабырғасынан шығып үлгермеген қыздың мойнына ана болу жауапкершілігі артылған сәтте оның балалығы аяқталады. Ал бұл – бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның трагедиясы.