"Балалық әдет үлкен қауіпке айналды": Бойжеткеннің асқазанынан жұдырықтай шаш түйіні алынды
Бойжеткеннің асқазанында бірнеше жыл бойы шаштан түзілген түйін болған. №4 қалалық клиникалық ауруханада оған күрделі ота жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Хирургтер 25 жастағы пациенттің асқазанынан трихобезоарды - шаштан тығыздалып түзілген ірі түйінді алып тастады. Бұл түзіліс асқазанда шамамен бес жыл бойы жиналып, жедел ішек өтімсіздігінің дамуына әкелген.
Пациент жедел түрде қабылдау бөліміне іштің барлық аймағындағы қатты ауырсыну, жүрек айну, қайта-қайта құсу, айқын әлсіздік және ауыздың құрғауы шағымымен жеткізілген.
Тексеру кезінде шолу рентгенографиясы жедел ішек өтімсіздігінің жоғары деңгейіне тән белгілерді көрсеткен. Одан кейін оның нақты себебі - асқазандағы трихобезоар екені анықталды.
Пациентке шұғыл ота қажет болды. Хирургтер лапаротомия жасап, асқазаннан көлемі үлкен безоарды алып шықты. Алынған түзіліс бір-біріне шырмалған шаштан құралған өте тығыз түйін болған. Пациенттің айтуынша, шаштың ұшын аузына салу әдеті балалық шақтан басталған, бұл оның өзіне еш зиянсыз көрінген. Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Пациент қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды, - деп хабарлады қалалық аурухананың баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің түсіндіруінше, трихобезоар көбіне трихотилломаниясы - шашты еріксіз жұлып, жұтып қоюмен сипатталатын психоэмоциялық бұзылысы бар адамдарда кездеседі. Мұндай түзіліс ұзақ уақыт бойы айқын белгісіз өтіп, асқыну кезеңінде ғана байқалуы мүмкін.
Медицина қызметкерлері бөгде затты жұтып қою күдігі болған жағдайда, өзін жақсы сезінгеннің өзінде де дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
Асқазан-ішек жолы тарапынан асқыну айлар, тіпті жылдар өткен соң да дамуы ықтимал.
Еске салайық, бұған дейін дәрігерлер баланың басынан 5 жыл бұрын қадалған бұтақты алып шыққаны хабарланған.