Балаларын ұрып тәрбиелейтін ата-аналар бар – Оразкүл Асанғазы

Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы 3-4 айдан бері «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігімен бірге жұмыс істеп келе жатқанын айтты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Оразкүл Асанғазы сол бірлестікті құрған кәсіпкер Нұркен Асанов «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген Коменскийдің ұстанымымен ата-аналар қауымдастығын құрып, Астана, Алматы қалаларында, барлық облыс орталықтарында ата-аналардың Тамыз конференциясын өткізгенін айтады. 

«Балаларын зорлық-зомбылықпен, ұрып тәрбиелейтін ата-аналар бары ешкімге жасырын емес» деді қоғам қайраткері. Сондықтан Нұркен Асановтың Амонашвилидің мейіріммен, махаббатпен, зорлық көрсетпей тәрбиелеу жөніндегі кітабын қазақ тіліне аударып, сол кеңеске келген адамдардың барлығына тегін таратқанын жеткізді. Ата-аналарға таратылған шығармалардың ішінде ұлттық педагогика өкілдерінің шығармалары да бар.  

Кеңес одағы кезінде біздің ұлттық педагогикамыз оқытылған жоқ. Нұркен осы ұлттық педагогиканың негізін салған Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» деген кітабын жолға алып жүруге жеңіл нұсқада шығарып, таратты, - деді Оразкүл Асанғазы.

Ол сондай-ақ кәсіпкердің Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасын» және Ахмет Байтұрсыновтың «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» кітаптарын кез келген жерде қолтыққа салып оқып жүретіндей ыңғайлы нұсқада басып шығарып, таратқанын айтты.

«Сенімен болашақ» ұйымын қолдаймын, балаларға айтарым бар» деген азаматтарды барлық өңірде бар филиалдардың басшыларына жолығып, балаларды кітап оқуға баулитын, ұлттық құндылықты тануға, рухты, намысты болуға тәрбиелейтін ата-аналардың қауымдастығына кіруге және балаларымызды бірге тәрбиелеуге шақырамын, - деді қоғам қайраткері.         

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы