Балаларын терезеден лақтырған әйелге қатысты жаңа деректер жарияланды
Жамбыл облысында полиция балаларды терезеден лақтырып жіберу фактісінің мән-жайын анықтап жатыр. Балалар омбудсмені Динара Зәкиева әйелдің бұрын ауыр депрессиялық жағдайда болғаны анықталғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысында полиция көпқабатты үйдің терезесінен балаларды құлату фактісі бойынша тергеу жүргізуді бастады.
Белгілі болғандай әйел балаларды бесінші қабаттағы терезеден лақтырған.
Динара Зәкиева мәлім еткендей, балалардың анасында бұған дейін де ауыр депрессиялық жағдайы анықталған. Алайда ем-домы толық аяқталмаған. Қазіргі уақытта оның үстінен кәмелетке толмағандарды өлтіруге оқталу фактісі бойынша іс қозғалған.
Аймақтық өкіл ауруханадағы балалардың жағдайын көрді. Ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық. Ал қыздың жағдайы ауыр, сүйектері сынған, - деді балалар омбудсмені.
Зәкиева балаларды қорғау мен алдын алу жолында қиындық туғызатын мәселелердің бірі - медициналық құпия екенін атап өтті.
Медициналық құпияға байланысты денсаулық сақтау органдары балалардың құқықтарын қорғау органдарына ауыр депрессиялық жағдайы анықталған немесе психикалық денсаулығына қатысты диагноз бойынша есепте тұрған ата-аналармен бірге тұратын балалар туралы хабарламайды. Осындай жағдайлар қатыгездік пен өлтіру оқиғаларына жиі әкеледі. Балаларды қорғау қызметін атқаратын органдар балаларға бару және қажет болған жағдайда тиісті шараларды қабылдау үшін ақпаратқа ие болуы тиіс. Мен бұл мәселені заңдық деңгейде шешу қажеттігін ұсынамын, - деді Зәкиева.
Балалар омбудсменінің мәліметінше, күн сайын балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен байланысты 5 қылмыс тіркеледі. Оның 60–70 пайызы ата-аналар, әкелер немесе жақын адамдар тарапынан жасалады.
Қауіптер мен мұндай қылмыстарды анықтау өте қиын. Өйткені олар үйде, жабық есіктің артында болады. Осыған байланысты соңғы екі жылда қабылданған заңдар арқылы қауіптерді ерте анықтау, көмек көрсету және отбасылармен жұмыс істеу үшін түрлі құралдар мен тәсілдер енгізілді, - дейді Динара Зәкиева.
Нәтижесінде өткен жылы 29 мың ата-ана ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды, 1 126 адам ата-аналық құқықтарынан айырылды, ал 660 адамның құқығы шектелді.
Еске салайық, бұған дейін Таразда әйел екі баласын 5-ші қабат терезесінен лақтырып жібергенін хабарладық.