Балаларын терезеден лақтырған әйелге қатысты оқиғаның мән-жайы белгілі болды

Терезеден балаларын лақтырып, өзі де секірген әйелге қатысты жаңа мәлімет  шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Полиция департаментінің баспасөз қызметтері тұрғын үйдің терезесінен балалаларын лақтырып, одан кейін өзі секірген әйелге қатысты кейбір мәліметтерді жариялады.

30 шілде күні сағат 13:00-де жедел жәрдем қызметіне бір әйелдің 5-қабаттан екі баласын лақтырып, артынан өзі секіргені туралы хабарлама түскен.

Оқиға Нұрмағамбетова көшесіндегі үйде болған. Ауыр жарақат алғандар 6 минут ішінде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді.

2024 жылы туған бала ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген. Қабылдау бөлмесінде оның бетін бері қаратып, жансақтау бөліміне жатқызған. 

Дәрігерлер балаға ІІІ дәрежелі травматикалық шок, ІІІ дәрежелі кома, кең көлемді бас-ми жарақаты, бас сүйегі сынған, миы шайқалған, ішкі ағзалары зақымданған деген диагноз қойған.

Ал, 2017 жылы туған екінші балаға жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, жамбас сүйегінің сынуы деген диагноз қойылыпты. Сондай-ақ, ол бала да ішкі жарақаттар алған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

1991 жылы туған әйел есін біледі, бірақ жағдайы ауыр. Дәрігерлер оның аяқ-қолы сынғанын, басы, миы жарақаттанғанын айтады. Ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Павлодар облыстық полиция департаменті аталған факт бойынша кісі өлтіруге оқталу және өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасау баптарымен тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

Белгілі болғандай, әйел балаларын подъезд терезесінен лақтырған. Олар қалқаның (козырек) үстіне құлаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел мамандандырылған медициналық мекемеде тіркеуде тұрған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, іс материалдары тергеу бөліміне берілді. Оқиға орнында тергеу-жедел тобы мен әлеуметтік қызметтің медицина мамандары жұмыс істеуде, – деп хабарлады полиция департаменті.

Барлық зардап шеккендер стационарда, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Тергеу аясында әйелге қатысты психологиялық-медициналық сараптама тағайындалуы мүмкін. 

Құқық қорғау органдарының айтуынша, оның қылмыстық жауапкершілікке тартылуы сараптама нәтижесіне байланысты болады.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда әйел 5-қабаттан балаларын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткенін хабарлаған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы