Балаларын қазақ жерінде өсірген испаниялық: Қазақстан - өмір сүруге қолайлы ел
Испаниялық кәсіпкер Қазақстан бизнес жүргізуге және өмір сүруге қолайлы мемлекет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
MAXAM коммерциялық директоры және Испанияның Іскерлік кеңесінің тең төрағасының міндетін атқарушы Хосе Мария Касас мырза Қазақстан-Испания іскерлік кеңесінің VII отырысында Қазақстан туралы ойын айтты.
MAXAM кәсіпорны Қазақстанға 2002 жылы келген. Бастапқыда ұйым құрылғанда онда тек 4 адам болған. Қазіргі күні кәсіпорын елімізде төрт зауытын ашып үлгерген. Табысы - жылына 100 мың еуро. Зауыттарда 300-ден аса адам жұмыс істейді.
Кәсіпорын директоры мұндай нәтижеге қалай қол жеткізгенін айтып берді.
Мұндай жетістікке алдымен еңбекқорлықтың арқасында жеттік. Сондай-ақ мемлекеттің бізге осы жүмыспен айналысуға мүмкіндік бергенінің арқасында. Қазақстан минералды ресурстар, энергетика салаларында үлкен өсім көрсетіп отыр. Бұл бізге инвестицияларды қауіпсіз түрде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мен Орталық Азияның көп елінде болдым. Бірақ Қазақстан - компанияға тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нақты, белгіленген реттеуші нормасы бар жалғыз ел, - деп айтты испаниялық кәсіпкер.
Ол балаларын да қазақ жерінде өсіргенін айтады.
MAXAM-ның Қазақстанда өскенінің бір себебі бар. Тіпті, балаларымды да осы жерде өсірдім. Ең бірінші себебі - бұл адамдар. Бұл компаниямызда жұмыс істейтін адамдар. Қызметкерлердің 99%-ы жергілікті азаматтар. Олар өте еңбекқор, өз саласының үздігі. Испаниялық компаниялар үшін бұл маңызды деп ойлаймын, - дейді Хосе Мария Касас мырза іскерлік кеңесте.
Оның айтуынша, Қазақстан - Орталық Азиядағы басқа мемлекеттерден айрықша. Сол себепті ол испаниялық бизнес өкілдерін Қазақстанға келуге шақырғысы келетінін жеткізді.
Қазақстан - инвестиция үшін тиімді компания. Мен сауда қатынастарын жүзеге асыруды ғана емес, осы елге инвестиция салуды ұсынамын. Иә, көтеріліп, құлдыраған кездер де болды. Дегенмен түрлі ұйым мен Үкіметтің қолдауының арқасында тұрақты бизнес жүргізе аласыз. Жаңа айтқанымдай, мен Қазақстанға 2002 жылы келдім. Балаларым да қазақ жерінде өсті. Сол себепті Қазақстанды бизнес жүргізуге және өмір сүруге қолайлы ел дегім келеді, - деп сөзін қорытындылады кәсіпорын басшысы.