Балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар жазалана ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше күннен бері елордада болған жағдай көптің есінен әлі кетер емес. Екі азамат терезеден салбырап тұрған 3 жасар қызды құтқарып қалды.
Бұл оқиғаға қатайып кеткен, қу тіршіліктің соңынан ерген қатыгез қоғам үшін үлкен серпіліс беріп, баршаның жүрегіне мейірім ұялатты. Қызылордадан елордаға жұмыс істеуге келген екі азамат та осы ерліктерінің арқасында үйлі-күйлі болып шыға келді. Алайда үйде жалғыз, қараусыз қалған сәбидің терезеден құлап кете жаздауы тасада қалып жатқандай.
Себебі терезеден балалардың құлап кетуі жағдайы бірінші рет болып отырған жоқ. Бұл оқиға мың жазатайым оқиғаның ішінде сәтті аяқталғаны десек те артық кетпейміз.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, 3 жасар қыз үйде жалғыз болған.
Оның анасы жұмыста болған. Ол баласын ағасына тапсырып кетеді. Ал ағасы өзінің жеке шаруалары бойынша шығып кетеді. Осылайша, бала үйде жалғыз қалған. Мен өзім қыздың анасымен сөйлестім. Ол шокта болды. Мұндайды ешкім басынан кешкісі келмейді. Бұл проблеманы елорда ғана емес, ел болып талқыланып жатыр. Әрбір ата-ана олармен мұндай жағдай болмайды деп ойлайды. Сондықтан балаларды қараусыз қалдырмау керек, - деді ол.
Шрахметова атап өткендей, бұл болған жағдай жүзден бір қоғамдық көзқарасы белсенді азаматтар келіп, қызды құтқарғанын айтты.
Барлық ата-ананы терезеге арнайы кедергілер орнатуға шақырамыз. Елімізде заң бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабында, қылмыстық кодексте 441-бап бар. Ата-аналарды да жауапкершілікке тарту жағдайлары кездесті. Әрбір ата-ана өзінің баласына жеке жауапкершілік алады. Үйде баланы қараусыз қалдыруға болмайды. Біз ата-аналарды бұл іске салғырт қарамауға шақырамыз, - деді Гүлмира Шрахметова.