Балаларын өлтіріп, чемоданға тығып қойған әйел өмір бойына сотталуы мүмкін

Жаңа Зеландияда екі баласын өлтіріп, олардың денесін чемоданға жасырған әйелге қатысты іс қаралуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі APnews-ке сілтеме жасап.

Алқа билер 45 жастағы әйелді 2018 жылдың маусым айында 6 және 8 жасар балаларын өлтіргені үшін айыпты деп тапты. 

Балалардың сүйектері төрт жыл өткен соң, 2022 жылдың тамызында Окленд қаласындағы қоймада тұрған чемодандардың ішінен табылған. 

Қылмыстан кейін әйел Оңтүстік Кореяға қашып, аты-жөнін өзгерткен. Ол 2022 жылдың қарашасында экстрадицияланып, Жаңа Зеландияға жеткізілді. Айыпты тағылған қылмысын мойындамағанымен, қорғаушылары оның күйеуінің өлімінен кейін психикалық жағдайы күрт нашарлағанын және "есі ауысқан сәтте" әрекет еткенін алға тартты, - деп жазады басылым. 

Прокурорлар болса, әйелдің әрекеттерінде "суыққанды есеп" барын айтып, оның балаларын өзімшілдікпен өлтіріп, оларсыз жаңа өмір бастауды жоспарлағанын жеткізді.

Балалардың сүйектері әйел қойма жалдау ақысын төлеуді тоқтатқаннан кейін табылған. Заттар онлайн-аукционға шығарылғанда сатып алушылар чемодандардың ішінен балалардың денесін тауып алған.

Сот әйелді жаза кесілгенге дейін қамауда ұстауды бұйырды. Үкім 26 қарашада шығады. 

Жаңа Зеландия заңына сәйкес, кісі өлтіргені үшін міндетті түрде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Сонымен қатар сот ең аз дегенде 10 жылдық мерзімді белгілейді, осы уақыттан кейін ғана шартты түрде босату мүмкіндігі қарастырылады.

Еске салайық, бұған дейін автобус жүксалғышындағы чемоданнан 2 жасар бала табылғаны туралы жаздық. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы