Балаларымызды жан-жақты етуге жасалатын қадамдардың болуы қуантады – Динара Сәдуақасова

Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. Президенттің жастарға арналған бастамалары олардың дамуына жағдай жасап,  мүмкіншіліктер легін ашады. Бұл туралы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы төрайымы Динара Сәдуақасова айтты.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі Мәжіліс отырысында айтқан шешімдерін толықтай қолдаймын. Президентіміз  Үкіметке «Жастар практикасы» және «Жастарға арналған алғашқы жұмыс орны» жобаларының жүзеге асырылу ұзақтығы мен еңбекақы мөлшерін арттыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл бастама жастардың дамуына жағдайлар мен мүмкіншіліктер легін ашады деген сенімдемін. Жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында елімізде 5 үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарының ашылуына тапсырма берілді, - деді ол.

Сонымен қатар ол  Мемлекет басшысының халыққа арналған қор ашу туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Тағы бір жағымды бастамалардың бірі «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қордың құрылуы жайлы болды. Бұл қоғамдық әлеуметтік қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты проблемаларды шешумен, мысалы, сирек кездесетін аурулары бар балаларға көмек көрсетумен айналысатын болады. Сонымен қатар Президент қала мен аудан, ауылдарда балаларға арналған спорт нысандары салынатынын, қабілетті балаларға көмек көрсетіп, мәдениет нығайтылатындығы жайлы сөз етті. Балаларымызды жан-жақты етуге жасалатын қолдаулар мен қадамдардың болуы қуантады, - деп пікірін білдірді Динара Тайбасарқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы