Балаларымыз мектепке бара алмай, қашықтан оқуға мәжбүр: Депутат тағы бір мәселені көтерді

Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевқа Өскемен қаласындағы экологиялық ахуалға байланысты сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, өңірдегі экологиялық жағдай күрделі күйде қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде Өскеменде экологияға байланысты өте қиын жағдай туындап отыр. Балаларымыз мектепке бара алмай, қашықтан оқуға мәжбүр. Оның себептері көп, бірақ негізгі шешімдердің бірі – қаланы газдандыру, – деді Ұлықбек Тұмашинов.

Ол Энергетика министрлігінен Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласын газдандыру бойынша нақты шешім мен мерзімдерді атауды сұрады.

Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлерді газдандыру бойынша екі ықтимал бағыт қарастырылып отырғанын айтты.

Бірінші бағыт – Қазақстан мен Қытай арасындағы келіссөздер аясында газ құбырын ел аумағы арқылы өткізу жобасы болған. Алайда қазіргі таңда Қытай тарапы құбырды Моңғолия арқылы жүргізу туралы шешім қабылдаған. Дегенмен келіссөздер әлі де жалғасып жатыр.

Екінші бағыт – Ресеймен бірлескен жоба. Вице-министрдің мәліметінше, 2027-2030 жылдары «Есіл – Астана» жобасын іске асыру жоспарланған. Жоба аясында Астана – Көкшетау – Петропавл бағытында газ құбыры тартылып, солтүстік өңірлерді газдандыру көзделіп отыр.

Солтүстік өңірлер газдандырылғаннан кейін шығыс бағытқа қажетті газ құбырлары мен көлемін есептеп, жобалық құжаттарды әзірлейміз. Алайда бұл үшін қомақты қаражат пен уақыт қажет, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Еске салсақ, 2026 жылғы 30 қаңтарда Өскемен қаласында үшінші күн қатарынан ауаның қолайсыз метеорологиялық жағдайларының екінші дәрежесі сақталуына байланысты мектеп оқушылары уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы