"Балаларыма айтпаймын". Дәулет Мұқаев таксист екенін айтуға ұялатын оқырманына жауап берді
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев кезінде бірден 4 жерде жұмыс істегенін, таңда оқытушы, түсте журналист, кешке курьер, түнде таксист қызметінде болғанын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Депутат такси қызметіне жүгінгенде біршама оқырманын кездестіретінін, олар өз кезегінде позитивті жаңалықтарымен бөлісіп отыратынын айтты. Бұл ретте ол кезінде өзі де таксистер қатарында болғанын атап өтті.
Таксиге мінсем, біраз оқырманым "сіздің посттарды оқып мынаны білдім, осылай әрекет етіп жатырмын, қосымша табыс табудамын, үй алдым" т.с.с. позитивті әңгімелерін айтып, жол қысқартып отырады. Иә, кезінде мен де таксист болдым. Бір емес, қатар 4 жерде жұмыс істедім. Достарым, жақындарым өте жақсы біледі. Таңда университетте оқытушы, түсте журналист, кешке курьер, түнде әрі демалыс күндері таксист қызметінде болдым. Айналып келгенде әрекетке берекет, бос жүрмеу, еңбекпен ақша табу. Мынау сол сәттердегі архив суретім, - деді Мұқаев Instagram-дағы парақшасында.
Ол тіпті көлікті автожуу қызметіне тапсырмай, өзі тазалап шығатынын айтты. Сөзінше, тапқан табысының барлығын үзбей "Отбасы банкке" салып отырған. Сөйтіп 26 жасында алғашқы баспанасын алғанын айтты.
Тіпті, көлікті жуғанда да ақшаға үнем болсын деп, өзім зырылдатып жуып шығатын едім. Артық ақшаның бәрін Отбасы банкке (ол кезде жилстрой) салып жинайтынмын. Сөйтіп, премия түсетін, екі арада доллар өсіп, мемлекет тағы өтемақы берді. Сөйтіп депозитте жатқан теңге сәл болсын көбейді. Үйленген жылдары тіпті, Алматыда подселениеде тұрдық. Теңге тиыннан құралады. Қысқасы, не керек осылайша алғашқы үйді Астананың сол жағалауынан 26 жасымда алдық, - деді мәжілісмен.
Дәулет Мұқаев сөз арасында оқырманының таксист болып жүргеніне ұялып, "балаларыма айтпаймын" дегеніне қынжылды. Ол адал еңбектен ұялмау керек дейді.
Бұны неге жазып отырмын? Себебі бір оқырманым таксист болып жүргеніне ұялып, балаларыма айтпаймын дейді. Адал еңбектің несі ұят екен?! Керісінше, арамтамақтар мен харам жолмен ақша табатындар ұялсын! Әрі осы постты жазып, мені оқитын мыңдаған оқырманға мотивация бергім келді. Ой салғым келді. Барлығы еңбекпен келеді. Еңбегіңіз адал ма, оны айтудан, көрсетуден адам ұялмауы керек, - деп түйіндеді ол.