Балаларым кәмелет жасына толып, сайлауға қатысуға мүмкіндік алуға асығып жүр – Қытайдағы отандасымыз
Қытайдың Бейжің қаласындағы №257 сайлау учаскесінде дауыс беру жалғасып жатыр. Отандасымыз Әйгерім Арпабаева отбасымен бірге келіп, таңдауын жасады. Ол балалары кәмелет жасына толып, дауыс беруге асығып жүргенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Жолдасым Қытайдағы Қазақстан консулдығында жұмыс істейді. Бұл елде тұрып жатқанымызға 3 жылдай уақыт болды. Бүгін осындай керемет мерекеге отбасымызбен бірге өз таңдауымызды жасауға келдік, - дейді отандасымыз Әйгерім Арпабаева.
Әйгерім Арпабаева отбасымен және консулдықта жолдасымен бірге жұмыс істейтін әріптес достарымен бір топ болып келіп, таңдауларын жасады.
Бүгін достарымызбен бірге сайлау учаскесіне келдік. Сайлау еліміздің болашағын айқындауға септігін тигізеді. Өсіп келе жатқан балаларымыз бар. Бүгін осы кішкентайларымыздың болашағы үшін сайлауға келдік, - дейді отандасымыз.
Әйгерім Арпабаева бүгінгі президент сайлауына дейінгі сайлауларға да, парламент сайлауы, референдумға да қатысқанын атап өтті.
Еліміздегі өткізілген бұған дейінгі сайлаулар да осы елшілікте ашылған дауыс беру учаскелерінде ұйымдастырылған болатын. Өз таңдауымызды жасаудан тыс қалған емеспіз. Барлығы жақсы, мерекелік атмосферада өткізіліп келеді. Қазір әлемдегі жағдай тұрақсыз, ахуал күн сайын өзгеріп жатыр. Сайланған президентіміздің ұстанған бағыты айқын әрі дұрыс болса, еліміздің болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Елімізге тыныштық, ашық аспан, бейбітшілік тілеймін, - дейді Қытайдағы отандасымыз.
Әйгерім Арпабаева мен жолдасы үш баланың ата-анасы. Балалары Бейжіңдегі халықаралық мектепте оқиды, үлкені 7-сыныпта, екіншісі 4-сыныпта және ең кішкентайы 2-сыныпта. Балалары 4 тілде сөйлейді. Олар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін меңгерген.
Ол балаларына ұйқыдан тұрғаннан кейін бүгін елімізде мереке – Президент сайлауы өтіп жатқанын түсіндіргенін айтты.
Таңертең балаларыма бүгін елімізде ерекше күн екенін айтып, еліміздің президентін сайлауға баратынымызды түсіндірдім. Балаларым «Сайлауға кім үміткер?» деп сұрап, қызығушылық танытты. Сайлау туралы ақпараттарды интернеттен ашып көрсетіп, үміткерлерді таныстырдым. Қытайда еліміздің арналары да көрсетіледі. Жаңалықтардан сайлауға дайындық барысы жайында жиі естіп, байқаушылар жұмысы туралы көп ақпарат айтылды. Осыдан болар, балаларыма «байқаушының» кім екені қызықты болды. Олар «Біз неге байқаушы болып сайлауға бара алмаймыз?» деп сұрады, - дейді қазақстандық.
Әйгерім балалары кәмелет жасына толып, сайлауға қатысуға мүмкіндік алуға асығып жүргендерін айтты.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігінде №257 сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша 7.00-де жұмысын бастағанын хабарлаған болатынбыз.
Сонымен қатар Бейжіңдегі қазақстандық студенттер де өз таңдауларын жасап, сайлауда дауыс беріп үлгерді.