"Балалары ауырады, тамақ ішпейді" – Айтмағанбетов ата-ана құқығынан айыру туралы

2024 жылғы 15 сәуірде Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойған болатын. Осы заңдағы ата-ана құқығынан айыру тақырыбы қоғамда кең талқыланды. "Әкелер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы ата-ана құқығынан айыру қандай жағдайда болатынын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мақсұтбек Айтмағанбетов “ата-аналардан балаларды алып қояды екен”, "бұл – балаларды ата-аналардан айыру" деген мәселенің барлығы жалған ақпарат екенін алға тартады.

Астана қаласы бойынша мынау жасөспірімдер істері бойынша комиссия бар. Мен соның мүшесі болып жұмыс істеген кезде бұны көрдік. Бұл жерде айтатын басты нәрсе ата-ана құқығынан қандай кезде айырады? Біріншіден, ата-анасы балаға мүлдем қарамайтын болса, мысалға нашақор, ішкіш болуы мүмкін немесе өзі жұмыста, баласы айдалада жүруі мүмкін. Тамақ іздейді, киім сұрайды. Ол балаға ешкім қарамайтын болса, мектепке бармайтын болса, сол кезде ғана бұлармен жаңағы комиссия жұмыс істейді, - деді ол.

Сондай-ақ одақ төрағасы комиссия қызметімен де таныстырып өтті.

Олар міндетті түрде ата-аналармен жұмыс жасайды. Оларды комиссияға шақырады. Неге баласы мысалға далада қайыр сұрап жүр? Неге мысалға бала уақытында тамақ ішпейді? Неге баланың киімдері жоқ? Неге мектепке уақытында бармайды? Осындай сұрақтар қойылады. Сосын жаңағы ата-анаға көмектесуге жағдай жасалады. Ескерту береді, - деді ол.

Мақсұтбек Айтмағанбетовтың айтуынша, жарты жылдан кейін баланың не әкесі, не шешесі немесе екеуі де дұрысталатын болса, ешқандай мәселе туындамайды. Ал жарты жылда ештеңе өзгермесе, мәліметтер сотқа барады.

Бала қауіпсіздігі жасалмаса, бала уақытында тамақ ішпесе, бала ауырып жүретін болса, әрине ол материалдардың барлығы сотқа барады. Бірақ сотқа барардың алдында міндетті түрде осы жаңағы комиссия өздерінің пікірін білдіреді. Одан кейін көрші-қолаңнан сұрайды. Мектепте оқитын болса, мектептегі психолог бар, мектептің завучы бар, солардан мағлұматты алады. Сол мағлұматтар жиналып, содан кейін бұл мәселелердің бәрі сотқа барады, - деді ол.

Маман бұл заң ата-аналық жауапкершілігін алмайтын, мүлдем балаға қарамай және баласының не істеп жүргенін білмейтін адамдарға байланысты екенін айтты.

Біздің көріп жүргеніміз көбінесе ішімдікке салынғандар, одан кейін наша шегетіндер немесе мынау лудомандар бар. Өкінішке орай, бүкіл тапқан табысының бәрін осы ойынға жібереді. Балаларына бермейді. Олар ауырады, тамақ ішпейді. Сондай адамдарға байланысты. Сондықтан ешқандай бір қорқу керегі жоқ. Балаларына уақытында көңіл бөліп, жағдайын жасаса, ешкім олардың балаларын алмайды, - Мақсұтбек Айтмағанбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - Архив
Өзгелердің жаңалығы