Балаларға зиянды өнімдерді сатуды шектеу қажет: Депутат дабыл қақты

Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұмангариннің атына балалар арасында ультраөңделген тағам өнімдерінің тұтынуының артуына байланысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттардың айтуынша, Қазақстанда алаңдатарлық үрдіс қалыптасқан: семіздікке шалдыққан балалардың саны артып келеді. 2024 жылы бұл диагноз алғаш рет 9 122 азаматқа қойылса, олардың 27 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының зерттеулеріне сәйкес, еліміздегі әр бесінші бала артық салмаққа ие. Сарапшылар бұған басты себеп ретінде теңгерімсіз тамақтану мен физикалық белсенділіктің төмендігін атауда.

Ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе – құрамында рафинадталған қант, тұз, трансмайлар, хош иістендіргіштер мен дәм күшейткіштер бар ультраөңделген өнімдердің (UPF) кеңінен әрі бақылаусыз қолжетімді болуы. Бұл өнімдердің бағасы арзан әрі оңай табылатындықтан, дәмдік тәуелділік қалыптастырып, созылмалы ауруларға себеп болады, бірақ ешқандай тағамдық құндылығы жоқ. Олар мектеп буфеттерінде, оқу орындарының маңындағы дүкендерде, вендинг автоматтары мен онлайн жеткізу қызметтері арқылы еркін сатылып жатыр. Осы салада тиімді реттеу жүйесінің жоқтығы және агрессивті жарнама, әсіресе әлеуметтік желілерде, бұл мәселені одан әрі ушықтырып отыр, – деді депутат.

Сауалда бірқатар елдердің халықаралық тәжірибесі де келтірілген:

  • Чили зиянды өнімдерге арнайы таңбалау енгізіп, оларды балаларға жарнамалауға тыйым салған;
  • Ұлыбритания "қант салығын" енгізу арқылы тәтті сусындарды тұтынуды 30%-ға қысқартқан;
  • Оңтүстік Корея мектеп маңында зиянды өнімдерді сатуға шектеу қойған;
  • Франция мен Финляндияда салауатты мектеп тағамы мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналған.

Осыған байланысты, депутат Қазақстанда келесі шараларды қарастыруды ұсынды:

  1. "Зиянды" өнімдерді арнайы, балалар мен ата-аналарға түсінікті таңбамен белгілеу;
  2. Ультраөңделген өнімдерді мектептерде, буфеттерде және вендинг автоматтарында сатуға тыйым салу;
  3. Салауатты өнім өндірушілерді салықтық жеңілдіктермен ынталандыру және зиянды өнімдердің жарнамасына шектеу қою.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы