Балаларға жол ережесін оқыту міндетті пән болуы мүмкін
Ішкі істер министрлігі балаларға жол ережелерін оқыту сабақтарын жеке міндетті пән ретінде енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, білім беру процесінде жол ережелерін оқыту курстарын қолдану тәсілдерінің айтарлықтай айырмашылығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, бұл Қазақстан Республикасының мектептерінде жол ережелерін оқытуға бөлінген болмашы сағаттардың санына қатысты. Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігі мектеп бағдарламаларында жол ережелері бойынша сабақтарды жеке міндетті пән ретінде енгізуді ұсынады, өйткені оның артында балалардың өмірі тұр. Өз кезегінде мұндай сабақтар арқылы жолдарда заңға бағынатын мінез-құлық нормаларын сіңіріп, өзі жүргізуші болған кезге дейін есейген сайын жол қауіпсіздігіне жағымды әсер етеді, - деп түсіндірді Ішкі істер министрлігінің өкілі.
Сонымен қатар спикер балалардың жол көлік жарақатының алдын алуда ең мықты құралдардың бірі – жас жол инспекторлар жасағының қызметін ұйымдастыру екенін алға тартты.
Дүниежүзінің көптеген елінде мектеп оқушыларын жол қауіпсіздігі мәселелеріне тарту идеясы ұзақ уақыттан бері білім беру және қоғамдық мәдениетінің бір бөлігіне айналып келеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай бастамалар жолдағы жарақат қауіпін төмендетеді және өскелең ұрпақ арасында азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастырады, - деді Қайсар Сұлтанбаев.
Еске салайық, бұған дейін жарты жылда жол апатынан 200-ге жуық бала көз жұмғанын жазған едік.