Балаларға табиғатты аялауды қалай үйретеміз
Эколог, сарапшы Әділет Тікенов балалардың экологиялық сауатын ашып, табиғатты аялауға қалай үйретуге болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Эколог БҰҰ-ның даму бағдарламасы аясында Түркістанда Ж.Тәшенов атындағы №23 мектепте 2021-2022 жылдары пилоттық жоба іске асырылғанын атап өтіп, оның негізгі мақсатына тоқталды. Сөзінше, білім ордасында күн электр станциясы орнатылған, жарық энергия тиімдері көздеріне ауыстырылған. Яғни осы жоба аясында балаларға экологияны қалай сақтауға болатыны көрсетілді.
Осы мектепке басқа мектептің балалары да келе алды. №23 мектепте 5-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларға тренингтер өткізілді. Балалар мектепте ғана емес, үйде де жарықты, суды, жылуды қалай үнемдеуге болатынын үйренді. Оған қоса, біз балалар арқылы олардың ата-аналарына да әсер еткіміз келді. Тренинг өткізгеннен кейін қызық жағдайлар болды. Мысалы, балалар үйлеріне барып, коммуналдық шығындарға қанша төлеп жатқанын ата-аналарынан сұрай бастады. Мұндай тренингті мұғалімдерге де өткіздік. Себебі көбіне коммуналды шығынға қанша төлеп жатқанымызға қарамайтын кездер де болады. Балаларға телефон қуаттағышын, теледидарды суырып жүру керегін айттық. Қуатқа артық ақша төлегенше, одан үнемделген ақшаға планшет алуға болатынын мотивация ретінде түсіндірдік, - дейді эколог.
Айтуынша, мұндай іс-шара Атырау өңірінде де өткізілген. Әділет Тікенов осындай жоба жүйелі түрде қолға алынатын болса, балалардың экологиялық сауаты арта түсетінін айтады. Сарапшы атап өткендей, осындай пилоттық жобаны басқа да өңірдің мектептерінде жүргізу керек.
Эколог табиғатты аялауды БАҚ-та, әлеуметтік желілерде кеңінен тарату керегін ұсынды.