14 Шілде 2026, 06:15 Фото: depositphotos.com

«Балаларға шынайы өмірде көбірек уақыт керек»: Еурокомиссия балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектемек

Еуроодақ елдеріне 13 жастан асқан жасөспірімдер үшін де қосымша жас шектеулерін енгізуге мүмкіндік беру ұсынылды.

Еуропалық комиссия жаз мезгілінен кейін балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеуге қатысты жаңа ұсынысты ресми түрде таныстырмақ. Бұл туралы Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.

Құжатқа қандай нақты нормалар енгізілетіні әзірге нақтыланбаған.

Балаларымызға шынайы өмірде уақыт өткізу қажет. Олар ойнап, достар тауып, қателесіп, өз тұлғасын алгоритмдер емес, өздері қалыптастыруы керек, – деді Фон дер Ляйен.

Оның сөзінше, мәселе балалардың әлеуметтік желілерге қашан кіретіні емес, әлеуметтік желілердің балаларға қашан қол жеткізетіні туралы болып отыр.

13 шілде күні Урсула фон дер Ляйен интернеттегі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі жөніндегі арнайы сарапшылар тобының қорытынды есебін алды. Сарапшылар:

  • 13 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілер мен басқа да цифрлық қызметтерді пайдалануына шектеу қоюды;
  • платформалар өз қызметтерінің балалар үшін қауіпсіз екенін дәлелдемейінше, оларға қолжетімділікті шектеуді ұсынды.

Сондай-ақ Еуроодақ елдеріне 13 жастан асқан жасөспірімдер үшін де қосымша жас шектеулерін енгізуге мүмкіндік беру ұсынылды.

Бұл ұсынымдар болашақта әзірленетін бірыңғай еуропалық ережелерді дайындау кезінде ескерілмек.

Еске салсақ, мамыр айында Урсула фон дер Ляйен әлеуметтік желілерді пайдаланудың ең төменгі жасына қатысты мәселені енді кейінге қалдыруға болмайтынын айтқан болатын. Еуропалық одақ осы салада барлық мүше мемлекеттерге ортақ ережелер қабылдауды жоспарлап отыр.