«Балаларға салынған инвестиция – ең маңызды капитал»: ҚХП педагогтармен кездесті
Кездесуде білім сапасын арттыру, мұғалімдерді қолдау, адам капиталына инвестиция және жастардың саясаттағы рөлі сөз болды.
Қазақстан Халық партиясы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларымен, жекеменшік мектептердің жетекшілері және педагогтармен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Басқосуда білім беру жүйесін дамыту, мұғалімдерді қолдау, адам капиталын нығайту және саланың өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыланды.
Партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов білімге салынған инвестиция елдің болашағына салынған инвестиция екенін атап өтті. Оның айтуынша, партия үшін ең басты құндылық – балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау.
Біз үшін балаларымызға салынған инвестициядан маңызды ештеңе жоқ. Бүгін сіздердің алдарыңызда тұрған азаматтар білім беру саласы үшін қазірдің өзінде ешқандай мандатсыз еңбек етіп жүр. Біз олардың мүмкіндігін кеңейтіп, қоғам мүддесін бұдан да тиімді қорғауына жағдай жасағымыз келеді. Парламентке есеп пен бюрократияны көбейту үшін емес, балалардың тәрбиесі мен келешегіне көбірек көңіл бөлу үшін барамыз, – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Оның сөзінше, партия тізіміне мұғалімдер, заңгерлер, медицина саласының мамандары мен қоғамға белгілі азаматтар енген. Сонымен қатар мемлекеттегі кез келген инвестиция ең алдымен адам игілігіне қызмет етуі тиіс екенін айтты.
Кездесуде партиядан Құрылтай депутаттығына кандидат Ләззат Сүлеймен қазіргі кезеңде қоғамдағы келісім мен ашық диалогтың маңызы артып келе жатқанын жеткізді.
Қазір Қазақстанда дауласатын емес, ақылдасып, келісіп жұмыс істейтін саясат қалыптасып келеді. Сондықтан Халық партиясы өз бағдарламасын “Нақты істер бағдарламасы” деп атады. Бізге өз еңбегімен жетістікке жеткен, жаңа көзқарастағы жастар керек. Олар саясатқа келіп, елдің дамуына үлес қосуы тиіс. Еңбек адамының мәселесін шешуге бағытталған нақты ұсыныстарды жүзеге асыратын уақыт келді, – деді Ләззат Сүлеймен.
Жиын барысында қатысушылар білім беру саласындағы түйткілдерді, педагогтердің ұсыныстарын және оларды шешу тетіктерін талқылады. Сондай-ақ айтылған бастамалар партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қарастырылатыны атап өтілді.