Балаларға қауіп төнді ме? – Зәкиева балалар үйі тәрбиеленушілерінің көшуін сынға алды

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматыдағы балалардың көшірілуіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы облысына қарасты Бағанашыл елдімекенінде орналасқан балалар үйінен балалардың көшуі туралы қоғамда сұрақтар туындаған. Бұл мәселе бойынша Президенттің тапсырмасына сәйкес, балалар үйінде тұрақты тұратын балалар Алматы қаласында қалып, білімдерін жалғастырады. Ал мекеменің өзі Алматы облысынан қала әкімдігінің қарамағына өтеді.

Фото: Динара Закиева/ Facebook

Алайда бүгін көшірілген балалар – бұл балалар үйінде емес, әлеуметтік қиын жағдайда уақытша тұрып жатқан балалар. Олар бұрын Алматы облысының әр түкпірінен келіп, уақытша орналастырылған "Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы" мекемесінде тұрған. Көктемде өткен кездесуде осы балалар мен "Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы" мекемесінің көшуі жоспарланған болатын. Бұл ақпарат сол кезде қоғамға жария етілген, - деп жазды ол.

Дегенмен, Алматы облысы әкімдігі көшу процесінде тиісті қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген. Соның салдарынан бір түлек қыз бала есінен танып қалған, ал бір ұл баланың аяғы жараланған.

Оқиғаға байланысты Президент әкімшілігі арнайы тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Арнайы комиссия құрылды.

Балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл балалардың жанында. Динара Зәкиева да өзі балалардың жағдайын көру үшін аттанғанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Бағанашылдағы балалар үйі жергілікті биліктің уәделеріне қарамастан Қонаев қаласына көшірілетін болғанын жазған едік.

Қоғам белсендісі Аружан Саин Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін олардың еркінен тыс Қонаевқа көшіріп жатқан видеоны жариялады

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы