“Балаларға оқитын жер жоқ”: Аймағамбетов әділетсіздік туралы айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бүгінгі жалпы отырыста қаралған жаңа Құрылыс кодексінің жобасына қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік маңызы жоғары кейбір нормалардың құжаттан түсіп қалғанын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылыс кодексі жобасында бірқатар маңызды нормар қамтылған. Жұмыс тобы ауқымды жұмыс атқарды. Жалпы, заң жобасын қолдаймын. Алайда әлеуметтік салаға тікелей қатысы бар бірнеше маңызды, принципті мәселелер әлі де шешілмеген күйінде қалып отыр. Біздің түзетулеріміз қабылданған жоқ, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, былтыр депутаттар мектеп, балабақша және емхана салынбайынша көпқабатты тұрғын үй салуға тыйым салатын норманы заң жүзінде қабылдаған болатын.
Бұл – жай ұсыныс емес, бұл өмірдің өзі дәлелдеген қажеттілік. Бүгінде тұтас шағын аудандар бой көтеріп жатыр, ал мектеп пен емхана артта қалып қойған. Мыңдаған отбасы көшіп келіп жатыр, бірақ балаларға оқитын жер жоқ. Бұл – әділетсіздік, – деді ол.
Алайда жаңа Құрылыс кодексінің жобасында осы норма мүлдем жоқ болып шыққан.
Бұл неге алынып тасталды? Кімге бұл тиімді? Біз нақты ұсындық – меккодтеп, балабақша мен емхана салынбаса, тұрғын үйге құрылыс рұқсаты берілмейді, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов былтыр депутаттардың бастамасымен қабылданған тағы бір маңызды норманы еске салды. Ол бойынша әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерде терезелерге қауіпсіздік құлпы орнату міндеттелген болатын.
Себебі, өкінішке қарай, әлі күнге дейін балалардың терезеден құлап кету фактілері кездесіп жатыр. Жыл сайын жүздеген бала көз алдымызда қаза табуда. Біз бұл норманы бірге қабылдадық. Бұл – балалар өмірін қорғау жөніндегі ортақ ұстанымымыз болатын, – деді ол.
Алайда жаңа Кодекс жобасынан бұл талап та алынып тасталған.
Неге? Иә, мүмкін бұл құрылысшылар үшін қымбат шығар. Мүмкін, тиімсіз. Бірақ бала өмірінен қымбат не бар? Егер осы норма бір ғана баланың өмірін сақтап қалса – ол кодекске міндетті түрде енуі тиіс. Біз бұл үшін соңына дейін күресеміз, – деп айтты депутат.