Балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды – Президент

Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент балалар арасында жалыпадамзаттық және ұлттық құндылықтарды ерекше дәріптеу керегін айтты.Сондай-ақ, балалардың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән беру керек екенін жеткізді.

Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елордамыздың өзінде азаматтарымыз қоршаған ортаға бейқам қарап, әсіресе, жаз кезінде саябақтарды қоқысқа толтырып кетіп жатады. Мұны жасап жатқан бөтен біреу емес, өз азаматтарымыз. Астанаға келген шетелдіктер, көптеген қонақтар соның бәрін көреді, таңғалады. Әрине, бұл – ұят нәрсе. Өйткені, өз Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді,- деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ерікті жастардың жұмыстарын да тілге тиек етті.

Мен еріктілер туралы үнемі айтып жүрмін. Себебі, еріктілер – ең алдымен, патриот жандар. Олар еліміздің дамуына, оның келбетін жақсартуға зор үлес қосып жатыр. Біз бүкіл қоғам болып еріктілерді қолдауымыз керек, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру қажет,-деді Мемлекет басшысы.

Балаларға экологиялық тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды.

Сонымен бірге, балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйреткен жөн. Мәдени мұраларымызды танып-білуге, қорғауға дағдыландыру керек. Оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет. Мұндай шаруа бүкіл еліміз бойынша тұрақты түрде жүргізілуі қажет. Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі осы мәселемен бірлесіп шұғылдануы керек. Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз, - деді ол.

Президенттің айтуынша, әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек. Мен былтырғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ, біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы