Балаларға аяғын уқалатқан имамға ескерту жасалды
Түркістан облысында мешітте балаларға аяғын уқалатқан имамның видеосы қызу талқыға түсті. Бүгін ҚМДБ аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, әлеуметтік желіде қызу талқыланған видео "Сарыағаш" медресесінің бас ұстазы Әбдужаппар Смановқа қатысты болған.
Діни басқарманың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы ең бірінші кезекте құлшылық үйіне келген адам мешіт тәртібін сақтауға тиіс екенін айтты.
Мешіт – құлшылық үйі, жамағат жиналатын рухани орда, қасиетті мекен, тәрбие орны. Құлшылық үйіне келген адам мешіт әдебін сақтауы тиіс. Бұл – мұсылманның көркем мінезінің бір.Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мешітте болған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, қоғамның түрлі пікір қайшылығын тудырды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті орында қоғам наразылығын тудырған әрекетке жол бергені үшін мешіт имамына ескерту жасады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша мұсылман жамағатын құлшылық үйлерінде дауыс көтеріп сөйлемеуге, әдепсіз әрекеттерге жол бермеуге, ұрыс-керіс жасамауға шақырады. Жамағатты барынша мешіт әдебін сақтауға үндейміз, - деп жазды ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, "Сарыағаш" медресе колледжінің директоры Дінмұхаммед Сманов ол балалар медресе-колледж шәкірттері емес, өзінің туған немерелері екендігін мәлімдеді.