Балаларға арналған заңсыз контенті бар 7 мыңға жуық сайт бұғатталды
Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған 59 тармақтан тұратын арнайы медиа-жоспар әзірленген.
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда балаларға арналған заңсыз контенті бар 6 863 интернет-ресурсқа қолжетімділік шектелді. Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, ведомство әлеуметтік желі әкімшіліктеріне 869 пабликті бұғаттау үшін 20 мыңнан астам материал жолдаған.
Министрлік интернет кеңістігіндегі заңсыз контенттің таралуын бақылау және шектеу бойынша параллельді түрде жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері балаларды заңсыз ақпараттан қорғау мақсатында балаларға арналған заңсыз ақпараты бар 6 863 интернет-ресурсқа қолжетімділік шектелді, ал әлеуметтік желі әкімшіліктеріне 869 пабликті бұғаттау үшін 20 мыңнан астам материал жолданды, - деп атап өтті бірінші вице-министр.
Жазға арналған медиа-жоспар
Мәдениет және ақпарат министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған 59 тармақтан тұратын арнайы медиа-жоспар әзірленгенін хабарлады.
Науқан аясында 30 видеоролик дайындалып үлгерді. Олар республикалық телеарналардың эфирінде 50-ден астам рет көрсетіліп, содан кейін қоғамдық орындарда орналастыру үшін өңірлерге жіберілді.
Сонымен қатар, жазда қазақстандық телеарналарда балалар мен жасөспірімдерге арналған 9 жаңа жоба бастау алады. Олар цифрлық және қаржылық сауаттылыққа, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен спортты дәріптеуге арналады.
Театрлар, мұражайлар және «Жасыл ел»
Қанат Ысқақовтың мәлімдеуінше, жазда ел бойынша мұражайлар мен театрларда 1,5 мыңнан астам мәдени-ағартушылық іс-шара өтеді.
Бұдан бөлек, Бурабай ауданында алғашқы республикалық шығармашылық лагерь ашу жоспарлануда.
Жазғы науқанның тағы бір бағыты — жастарды уақытша жұмыспен қамту. «Жасыл ел» жасақтарына 34 мыңнан астам жасты тарту көзделіп отыр.