Балаларға арналған SIM-карталар енгізіле ме? – министр түсіндірді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балаларды заңға қайшы контенттен қорғау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, бұл сұрақ бүгін Премьер-министрге де қойылған және қазіргі таңда өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қазір белгілі бір шектеулерді қарастырып жатырмыз, бірнеше ұсыныс бар. Оқу-ағарту министрлігінде жұмыс тобы құрылды. Балаларды заңға қайшы контенттен қорғау үшін нақты тәсілдер бар, мұндай тәжірибені көптеген елдер заңдастырып үлгерген. Сондықтан бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр және ол қоғаммен, соның ішінде ата-аналар қауымдастығымен, педагогикалық ортада, сондай-ақ сіздермен бірге талқыланатын болады. Яғни бұл сұрақ әлі де талқылау кезеңінде, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр нақты бірнеше бағыт қарастырылып жатқанын атап өтті.

Ең алдымен, балаларға арналған SIM-карталарды тіркеу мәселесін енгізгіміз келеді. Бұл – алғашқы қадам. Екінші бағыт – 14 жасқа дейінгі балалар тұтынатын, заңға қайшы контентті бақылау мүмкіндігін қарастыру, - деді ол.

Сонымен қатар мектеп бағдарламасында цифрлық сауаттылыққа басымдық берілетіні айтылды.

Қазіргі таңда мектептерде цифрландыру, соның ішінде медиасауаттылық пәндері бар. Осы пән аясында балаларға цифрлық кеңістікте сауатты болу жолдары үйретіледі, - деді министр.

Ал балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу мәселесі әлі де талқылау сатысында.

Бұл мәселе медиасарапшылармен, ата-аналар қауымдастығымен бірлесе талқылануы тиіс. Жұмыс тобы құрылған, сондықтан мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр. Жұмыс тобының отырыстары өткеннен кейін, бұл туралы қосымша ақпарат береміз, - деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, балаларды желіден шектеу туралы Үкімет батыл шешім қабылдауға ниетті. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балалардың деректері тіркелетін цифрлық платформаларға қойылатын талаптар күшейтілетінін мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы