Балалардың жазғы демалысы қалай қауіпсіз ұйымдастырылуы керек?
Мамандар лагерь аумағындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударады.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қандай санитариялық талаптарды сақтау керек? BAQ.KZ тілшісі жауапты маманнан сұрап көрді.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамедали Арыспаев балалардың жазғы сауықтыру ұйымдары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарына толық сәйкес болуы қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, жазғы маусым басталғанға дейін әр лагерь міндетті түрде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс. Бұл құжат болмаса, балаларды қабылдауға рұқсат берілмейді.
Мамандар лагерь аумағындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударады.
Аумақ толық қоршалып, ауыз сумен және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етілуі қажет. Сонымен қатар кәріз жүйесі, жарықтандыру мен желдету талапқа сай болуы тиіс, - дейді ол.
Барлық бөлмелер мен ортақ пайдаланылатын орындар күнделікті тазаланып, рұқсат етілген жуғыш және дезинфекциялық құралдар қолданылуы керек. Ал жиһаздар мен жабдықтар балалардың жас ерекшелігіне сәйкес әрі қауіпсіз болуы шарт.
Балалардың денсаулығын бақылауда медициналық қызметкерлердің де рөлі маңызды.
Олар балалардың жалпы жағдайын бақылап, сауықтыру шараларын ұйымдастырады, тамақтану және су ішу режимін қадағалайды. Бұдан бөлек, лагерь аумағының санитариялық жағдайын тексеріп, балалар мен қызметкерлердің медициналық анықтамаларының болуын бақылайды, - дейді ол.
Лагерьлердегі тамақтану мәселесі де қатаң бақылауда болады.
Балалар күніне бес мезгіл теңгерімді тамақпен қамтылуы тиіс. Тамақтану рационы балалардың физиологиялық қажеттіліктеріне сай әзірленеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен Қазақ тағамтану академиясы бірлесіп, балалар сауықтыру ұйымдарына арналған үлгілік мәзірдің екі нұсқасын дайындаған.
Бұл мәзірлер балаларды жазғы демалыс кезінде сапалы, қауіпсіз әрі теңгерімді тағаммен қамтамасыз етуге бағытталған. Құжат Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-302/2020 бұйрығына сәйкес әзірленді, - дейді Арысбаев.
Оның айтуынша, ата-аналар баласын лагерьге жіберер алдында ұйымның санитариялық қорытындысы бар-жоғын, медициналық қызметтің ұйымдастырылуын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын міндетті түрде тексеруі қажет.