Күн жылынғанда балалардың терезеден құлауы көбейеді – ТЖД

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы, полковник Тұрысбек Сартаев күн жылынысымен балалардың терезеден құлау дерегі көбейетінін айтып, ата-аналарды абай болуға шақырды.

Оның айтуынша, осы жылдың наурыз айында Алматыда екі бала терезеден құлаған. Оның біреуі қайғылы жағдаймен аяқталыпты. 

Бірінші жағдай 19 наурыз күні Алмалы ауданында болды. 3 жасар бала 4-қабаттың терезесінен құлап кетті. Бала бас ми жарақатымен №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Бала құлаған кезде ата-анасы үйде болған. Медицина қызметкерлері баланың өмірін алып қалуға барын салды, соның арқасында ол 10 күннен соң ауруханадан шығарылды. Сондай-ақ, 22 наурыз мейрамы күні ас үйде ойнап отырған қыз бала 6-қабаттан құлап кетті. Бұл қайғылы жағдай Түркісіб ауданында болды, бала тірі болғанда маусым айында 4-ке толар еді, - дейді полковник Тұрысбек Сартаев. 

Сонымен қатар, ол ата-аналардың жауапсыздығынан, яғни терезе немесе балконды ашық қалдыруынан балалар зардап шегіп жатқанын айтты. Әсіресе, 1-5 жас аралығындағы балалар зардап шегеді екен,  олар қауіп-қатерді біле бермейді. 

Осыған байланысты ата-аналарды абай болуға шақырамыз. Егер терезе 12 см ашық болса, одан балалар өтіп кетеді. Балаларға терезеден аулақ жүруді үйрету керек. Терезедегі торға сенбеңіздер, ол баланы ұстап қала алмайды. Бала әрдайым үлкендердің қарауында болуы қажет, - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тұрысбек Сартаев Алматы қаласы әкімінің қаулысына сай шомылуға болатын қандай орындар бекітілгенін мәлімдеген болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы